Серік Сәпиев Қарағанды облысының спорт басқармасындағы қызметтен кетуіне өңір спортындағы бармақ басты, көз қысты әрекеттер әсер еткенін айтты. Олимпиада чемпионы «Почему не я» бағдарламасында осы оқиғаның астарын ашып берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, дау орынбасарының «кадр ротациясы» маңындағы заңсыз қылықтарынан басталған. Ол бұрынғы әріптесі адамдарды қызметке орналастыру арқылы пайда тапқанын меңзеп, әңгімені тым тереңдеткісі келмеді.
«Ол заңсыз әрекеттер жасады. Мен соны тоқтатқым келді. Кадр ротациясы бойынша. Яғни адамдарды қызметке орналастырудан ақша тапты. Осымен шектелейік», — деді Сәпиев сұхбатта.
Олимпиада чемпионы әлгі әрекеттің артында өзінен жоғары тұрған адамдардың ықпалы болуы мүмкін екенін де жасырмады. Оның сөзінше, бұрынғы орынбасары басқарма басшысы емес, облыс әкімінің орынбасарының тапсырмасын орындаған.
«Менің орынбасарым облыс әкімінің орынбасарының тапсырмасын орындады. Менің тапсырмамды емес. Қай жақтан жел соғып тұрғанын түсінесіз ғой. Мен де түсінемін», — деді ол.
Антикорға жеткен ақпар
Сәпиев кейін Антикорға ақпарат бергенін айтты. Оның сөзінше, арыз емес, анықтамалық ақпарат жолданған. Кейін осы негізде іс қозғалған. Бұрынғы орынбасарымен қайта сөйлесуге ниеті болмағанын да ашық жеткізді.
«Мен оны жұмыстан шығардым. Антикорға анықтамалық ақпарат жаздым. Содан кейін іс қозғалды. Одан кейін сөйлескен жоқпын. Қаламадым. Жақсы нәрсе істемеді», — деді Сәпиев.
Сұхбатта ең көп талқыланған тұс қызметтік кабинеттегі жанжал. Сәпиев орынбасарына жұдырық жұмсады деген әңгімені жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұндай жағдайда адам не істесе де кінәлі болып шығады.
«Ұрсаң да кінәлісің, ұрмасаң да кінәлісің. Қалай әрекет ету керек? Мен екінші жолды таңдадым. Жоқ, ондай болған жоқ», — деді ол.
Дегенмен Сәпиев жұмыс барысында дауласу, пікір таластыру қалыпты нәрсе екенін айтады. Бірақ күш қолдану оның түсінігінде шектен шығу.
«Жұмыс мәселесін талқылағанда дауласуға болады. Дауыс көтеріп пікір айтуға да болады. Бірақ күш қолдану табиғатыма жат. Жалпы өмірде күш қолдану табу тақырып болуы керек», — деді ол.
Жыртылған жейде
Сәпиев өзін сол кезде «жағдайдың тұтқыны» сезінгенін мойындады. Қызметтен кету туралы шешімді өзі қабылдағанын айтты. Бірақ әңгіме орынбасармен болған жанжалдан әлдеқайда терең жатқанын аңғартты.
Оның сөзінше, өңір спортында ондаған жыл бойы орнынан қозғалмай отырған, бейресми ықпалы бар адамдар аз емес. Жаңа басшы келген сайын олармен тіл табысып, жүйедегі ықпалын сақтап қалады. Ал өзгеріс жасауға тырысқан адам қарсылыққа тап болады.
«Көп облыста кейбір адамдардың, спорт қайраткерлерінің бейресми ықпалы бар. Бір орында ондаған жыл отырады. Қарағандыда да сондай. Кез келген басшы келеді, олар сонымен тіл табысады. Сөйтіп қарсылық жүреді», — деді Сәпиев.
Соған қарамастан, ол мемлекеттік жүйеде адал жұмыс істеуге мүмкіндік бар деп санайды. Тек өңірдегі ескі байланыс, қалыптасқан ықпал және кадр айналасындағы жабық ойындар басшыға оңай тимейді.
Қазір Сәпиев Бокс федерациясындағы жұмысын артқа шегіну деп қабылдамайды. Керісінше, боксты өзінің табиғи ортасы деп сипаттайды. «Менің кері кеткен жерім жоқ. Өміре бәріне еңбегіммен жеттім. Олимпиада чемпионы деген ешкім тартып ала алмайтын статусым бар», — деді ол.
Контекст
Айта кетелік, 21 қаңтар күні Қарағанды спортының шенділері Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шыққан. Кейін әлемжеліде оқиғаның видеосы тарап, жағдай тіпті ушыққан.
Артынша мәселеге Мемлекеттік қызмет істері араласып, оғаш оқиғаға Серік Сәпиевті кінәлі деп таныған. Құжатта басқарма басшысының мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің 6-бабының 5-тармақшасын, сондай-ақ 8-баптың 1) және 7) тармақшаларын бұзғаны жазылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







