Қазақстан мен Қытай арасында автотуризм қарқыны өскенімен, шетелдік көліктерді бақылауға қатысты қос мемлекет арасындағы талаптарда тепе-теңдік сақталмай отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат Болатбек Нәжметдинұлының айтуынша, қазақстандық көліктер Қытай аумағына кірерде ақылы уақытша әкелу рәсімінен өтіп, арнайы тіркеу нөмірін алып, сақтандыру жасатып, кепілдік және бақылау механизмінен өтеді.
Мұның бәріне шамамен әр көлік үшін 560-600 мың теңгедей шығын жұмсалады әрі ресми табыс көзіне айналып отыр.
Ал Қазақстанға кіретін қытайлық автокөліктер көбінесе тегін әрі қарапайым рәсімдермен ғана шектеледі. Соңғы бір жыл мен биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанға 8 мыңнан аса Қытай көлігі өткен.
Алайда олардың жол ережелерін бұзған жағдайда айыппұлдардың қалай өндірілетіні, сақтандыру және басқа да төлемдердің толық жүзеге асырылатыны белгісіз күйде қалып отыр.
Осыған байланысты депутат бірнеше өзекті мәселені көтеріпті:
- Қазақстанға кірген қытайлық көліктердің мемлекеттік нөмірлерін ІІМ жүйесі толық анықтап отыр ма?
- Ақылы жол жүйесі шетелдік көліктердің габариті мен салмағын анықтап, төлемдерін толық алып отыр ма?
- Жол ережесі бұзылған жағдайда айыппұлды қалай өндіреді?
- Неліктен уақытша тіркеу, уақытша мемлекеттік нөмір беру және әкімшілік алымдар енгізілмейді?
- Шетелдік көліктерге көрсетілетін қызметтер мен бақылауға Қазақстан бюджеті қанша қаражат шығындайды және бұл шығындар неге тегін атқарылып отыр?
Депутат Қазақстан да Қытай қолданып отырғандай шараларды енгізсе, бюджетке кемінде 5 млрд теңге түсіп, бақылау сапасы да артар еді дейді.
Қытайдан келетін көліктердің еселеп артып жатқаны рас болса, демек бұл елімізге туристік, іскерлік және басқа да мақсатпен келетін қытайлардың көбейіп жатқанын білдіреді. Бізге жеткен мәлімет бойынша Астанадағы Бейжің елшілігі депутаттың сөзін сараптан өткізіп, қарымта жауап қайтаруды көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







