Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығы онкологиялық дертке шалдыққан науқастарды өмірлік маңызы бар емнен қағуы мүмкін. Томотерапияны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен алып тастауға наразы азаматтар Бас прокурор Берік Асыловтан араша сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz журналист Ботагөз Омароваға сілтеме жасап.
Үндеу авторларының айтуынша, жаңа тәртіп ем қабылдап жүрген науқастарға да әсер еткен. Емдеу курсын бастап қойған азаматтарға оны аяқтау үшін енді қаражатты өз қалтасынан төлеуге тура келетіні айтылған.
Томотерапия алты жыл бойы мемлекеттік медициналық көмек жүйесіне кіріп келген. Аталған әдіс қатерлі ісіктің бірнеше түрін емдеуде қолданылады. Кей науқасқа, соның ішінде сүйек кемігін трансплантациялауға дайындалып жүрген адамдарға клиникалық тұрғыдан баламасы жоқ ем болуы ықтимал.
Науқастар Бас прокуратурадан Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына наразылық енгізуді сұрап отыр. Олардың пайымынша, құжат азаматтардың денсаулығын қорғауға қатысты конституциялық құқығын шектеп, онкологиялық дертке шалдыққан адамдардың жағдайын нашарлатқан әрі өмірлік қажетті емге қолжетімділігін төмендеткен.
Шешімнің салдары қазірдің өзінде сезіле бастаған. Бір науқас баспанасын сатуға мәжбүр болса, енді бірі несие алып, кейбірі халықтан көмек жинап жатыр. Емді жалғастырудың жолын шетелден іздегендер де бар. Көпшілігі Түркияға баруды қарастыруда.
Мәселеге онкологиялық дертке шалдыққан баланың әкесі Виктор Королев те пікір білдірді. Оның сөзінше, ата-аналардың басты наразылығы емдеу тәсілі алынып тасталғанымен, науқасқа түсінікті әрі қолжетімді балама ұсынылмаған.
«Барлық сауал жүйеге бағытталуы керек. Белгілі бір емді аяқ астынан тоқтатып, орнына ешқандай балама ұсынбау үлкен мәселе. Мендегі ақпаратқа сүйенсек, наркозбен сәулелік терапия алуы қажет кішкентай балаларды Алматыға жіберіп жатыр», — деді Виктор Королев.
Ол мұндай жағдай науқас баласы бар отбасыларға қосымша тұрмыстық және қаржылық салмақ түсіретінін айтты.
«Бір емді алып тастағанда немесе тәртіпті өзгерткенде, оның салдарын біреу ойлады ма? Емшектегі баласымен ата-ана Алматыға қалай барады? Жататын жері, жол шығыны тағы бар. Ақылға сыймайды», — деді ол.
Үндеу авторлары аталған шешім Денсаулық сақтау министрлігінде бұрынғы вице-министр Амангелдиев қызмет еткен кезеңде қабылданғанын да еске салды. Қазір ол қызметінен кеткенімен, сол тұстағы шешімнің зардабын онкологиялық дертпен күресіп жүрген азаматтар әлі тартып келеді.
Науқастар мәселе жай ғана әкімшілік өзгеріс емес екенін алға тартады. Олардың сөзінше, қабылданған шешім адамның өмірі мен денсаулығына тікелей ықпал етеді.
Осыған байланысты азаматтар Бас прокуратурадан Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығының заңдылығын тексеріп, оның салдарына құқықтық баға беруді сұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







