Қазақ жастарына ғылым, технология және кәсіпкерлік саласында биік мақсат қоятын тұлғаларды кеңінен таныстыру қажет. Қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің пікірінше, жас ұрпақтың қиялын оятып, ізденіске жетелейтін өмірбаяндық еңбектер мен медиажобалар көбейгені жөн, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, әлемге жаңашыл идеяларымен танылған Илон Маск секілді кәсіпкерлердің табыс жолын зерттеу маңызды. Сонымен бірге Қазақстаннан шыққан ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар мен технологиялық кәсіпкерлерді қоғамға кеңінен таныту қажет.
Нұртөре Жүсіп қазақ жастарының арасынан да жаһандық деңгейде ойлайтын, ғылым мен өндірісте серпіліс жасайтын тұлға шығуы әбден мүмкін екенін айтты. Алайда мұндай әлеуетті ашу үшін жастарға нақты мысал, бағыт-бағдар және шабыт беретін оқиғалар ұсынылуы керек.
Қоғам қайраткерінің пікірінше, мәселені кітап шығарумен ғана шектеуге болмайды. Жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолы деректі фильм, телесериал, подкаст және білім беру жобалары арқылы қызықты форматта насихатталғаны дұрыс. Сапалы еңбек аз аудиторияға ғана жетсе, оның қоғамдық әсері әлсіз болады.
«Адам армандап, қиялдай білуі керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын электромобильдердің кең таралатынын немесе Марсты зерттеуге ғарыш кемелері жіберілетінін көпшілік елестете алмады. Қазір әлем елдері ғарыш пен Айды игеруге үлкен қызығушылық танытып отыр», деді Нұртөре Жүсіп.
Оның айтуынша, Қазақстан жастарының ғарыш саласын меңгеруге мүмкіндігі жеткілікті. Елде Байқоңыр ғарыш айлағы бар, сондай-ақ ғарыш технологиясын зерттеп жүрген жас мамандар қалыптасып келеді.
Нұртөре Жүсіп қазақ қоғамы жаңа технологиялық дәуірдегі мүмкіндікті дер кезінде бағалауы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, болашақта ашылатын ғылыми және ғарыштық кеңістіктерге қазақ жастары дайын болып, технологияны тұтынушы ғана емес, оны жасаушы ұлтқа айналуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







