Қазақ әдебиеті өткеннің қасіреті мен тарихи батырларды ғана жырлай бермей, бүгінгі қала өміріне бет бұруы керек. Қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің пікірінше, жаңа заман қаламгерлері технология дәуіріндегі қазақтың тұрмысын, ішкі қайшылығын және күнделікті күресін әдебиеттің негізгі өзегіне айналдыруға тиіс, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, қазақты тек ат үстінде жүрген көшпелі халық ретінде сипаттау тарихи шындықты толық ашпайды. Отырар мен Сығанақ секілді көне шаһарлар халқымыздың қала салып, сауда жүргізіп, ғылым мен мәдениет дамытқанын айғақтайды.
Нұртөре Жүсіп қазіргі әдебиет өткенге қайта-қайта қарай бермей, бүгінгі қоғамның тынысын сезінуі қажет деп санайды. Өйткені қаладағы қазақтың өмір салты, дүниетанымы мен әлеуметтік ортасы түбегейлі өзгерді. Оның алдында баспана, жұмыс, несие, көші-қон, жалғыздық, цифрлық тәуелділік және ұлттық болмысты сақтау секілді жаңа мәселелер тұр.
Қоғам қайраткерінің пайымдауынша, әлемдік әдебиеттің қуаты қарапайым адамның өмірін терең бейнелеуінен көрінеді. Қазақ қаламгерлері де метроға мінген жастың, пәтер жалдап жүрген отбасының, кеңседе еңбек ететін маманның немесе мегаполисте өзін іздеген адамның тағдырын шығармаға арқау етуі керек.
Оның пікірінше, бұрынғы тарихты ұлықтау қажет, бірақ әдебиет тек өткеннің көлеңкесінде қалып қоймауға тиіс. Сонау дәуірге тамсану бүгінгі адамның жан дүниесін түсіндіре алмайды. Қазіргі қалалықтардың ішкі арпалысы, махаббаты, қорқынышы мен үміті жаңа заман прозасының басты сюжетіне айналғаны жөн.
Нұртөре Жүсіп әдебиет қоғамның айнасы болған жағдайда ғана оқырманмен шынайы байланыс орнататынын атап өтті. Қала қазағының жаңа болмысын жазу ұлттық әдебиеттің тақырыптық аясын кеңейтіп, заманауи қазақтың бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







