Еуропалық одақ FIDE президенті Аркадий Дворковичті санкциялық тізімге енгізгеннен кейін Халықаралық шахмат федерациясындағы сайлау науқанының бағыты өзгерді. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бұған дейін Дворкович командасымен бірге вице-президенттікке үміткер болса, енді FIDE президенті болуға бел буды.
Тимур Турлов «Курсивке» берген сұхбатында сайлауға қатысу туралы шешімі, болашақ бағдарламасы және командасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Тимур Русланұлы, бірнеше апта бұрын FIDE сайлауына вице-президенттікке кандидат ретінде қатысатыныңызды айтқан едіңіз. Қазір саяси әрі сайлау жағдайы өзгерді. Бұл жоспарыңызға қалай әсер етті?
– Жағдайдың өзгергені рас. Қазақстан шахмат федерациясындағы әріптестеріммен және шетелдік серіктестермен кеңескеннен кейін FIDE президенттігіне кандидатурамды ұсыну туралы шешім қабылдадым. Қазір барлық қажетті құжаттарды дайындауға кірістік.
Шешімді тез қабылдауға тура келді. Дегенмен бәрін белгіленген мерзімде үлгереміз деп сенімдімін. Бұған күмән жоқ.
– Мұндай сценарийді бұрын қарастырдыңыз ба?
– Кез келген жобаға қатысу белгілі бір жағдайда үлкен жауапкершілікті мойынға алуға дайын болуды талап етеді. Сондықтан ахуал өзгерген кезде шешім бірден қабылданды. Оның үстіне FIDE жұмысының қыр-сырына онсыз да терең араласқан едім.
Қазақстан шахмат федерациясын үш жылдан астам уақыттан бері басқарып келемін. 2024 жылдан бері Халықаралық мектеп шахматы федерациясының президентімін. Әлемнің әр түкпіріндегі әріптестеріммен тұрақты байланыс орнатқанмын. Азияда бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатыр. Жалпы шахмат саласына шамамен 75 миллион доллар инвестиция салдым.
Соңғы бір айда әріптестеріммен көп кездестім. Жақында Оңтүстік Африка Республикасына барған сапарымда да FIDE басшылығында жауап беруді жоспарлаған бағыттар мен даму бағдарламасын талқыладым.
Алайда мен үшін бұл жеке амбиция мәселесі емес. Кәсіпкер әрі басшы ретінде өзімді жүзеге асыратын жобаларым жеткілікті. FIDE президенттігіне қатысуымның себебі басқа. Қазір әлемдік шахматтың дамуында жаңа қадам жасауға бірегей мүмкіндік бар деп есептеймін. Егер менің тәжірибем халықаралық шахмат қауымдастығына пайдалы болса, жауапкершіліктен қашпау керек.
– Әлемдік шахматты дамытудың «келесі қадамы» дегенде нені меңзеп отырсыз? Вице-президенттікке арналған бағдарламаңыздан президенттік науқанға не өтеді?
– Менің әзірленген платформам бар. Оның негізгі бөлігі президенттік бағдарламаға да сәйкес келеді. Тек жауапкершілік ауқымы өзгереді.
Мен үш бағытқа басымдық берер едім. Олар – цифрландыру мен жасанды интеллект, мектеп шахматы және федерациялардың қаржылық тұрақтылығы.
– Осы бағыттарға кеңірек тоқталсаңыз.
– Цифрландыру саласында FIDE-нің бірыңғай цифрлық платформасын құру қажет. Оның ішінде ойыншының жеке аккаунты, рейтинг тарихы, онлайн турнирлер және оқу материалдары бір жерге жинақталуы керек. Барлық федерацияға, соның ішінде жасанды интеллект құралдарына тең қолжетімділік берілуге тиіс.
Мұндай құралдар партияларды талдауға, жаттықтырушыларға көмектесуге және жарыстардағы адалдықты бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақстан шахмат федерациясы KazChess ID жобасын аяқтап келеді. Ол ойыншыларды, жаттықтырушыларды, төрешілерді, ата-аналарды, турнир ұйымдастырушыларын және федерацияны бір цифрлық экожүйеге біріктіреді.
Әр шахматшының рейтингі, турнирлерге қатысу тарихы, жетістіктері көрсетілетін бірыңғай цифрлық профилі болады. Ойыншы жарысқа тіркеліп, федерация қызметтерін алып, оқу материалдарына қол жеткізе алады. Мұның бәрі жүйені ашық әрі ыңғайлы етеді.
Қазақстандағы модельді сол күйінде әлемге көшіру туралы айтып отырған жоқпын. Әр елдің заңнамасы мен цифрлық жүйесі әртүрлі. Бірақ FIDE-мен жұмыс істеуді барынша қарапайым, заманауи және қолайлы ету қағидаты барлық мемлекетке ортақ болуы мүмкін. Шынын айтқанда, турнирге Google формасы арқылы тіркелу қазірдің өзінде ескірген тәсіл сияқты.
Мектеп шахматында Қазақстанның тәжірибесі де, өзім екі жылға жуық уақыттан бері басқарып келе жатқан Халықаралық мектеп шахматы федерациясының жұмысы да пайдалы болады.
Ал қаржы мәселесінде федерацияларға тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға көмектесу керек. Ол үшін серіктестік, демеушілік бағдарламалар және активтерді кәсіби басқару тетіктерін дамыту қажет.
– Цифрландыру шахматтың дамуына қалай әсер етеді?
– Ұлттық федерациялар үшін кең ауқымды цифрлық инфрақұрылым құру операциялық жұмысты жаңа деңгейге көтереді. Сонымен бірге федерацияларға шахматты ұлттық деңгейде тиімді басқаруға, демеушілер мен коммерциялық серіктестер тартуға мүмкіндік береді.
Цифрлық білім беру және ойын сервистері дамыған сайын федерациялардың өздері де табыс таба алады.
– Сайлауалды бағдарламаңызбен қашан танысуға болады?
– Командамыз бен платформамыз туралы барлық ақпарат арнайы сайтта жарияланады. Сайт FIDE-нің ресми тілдерінің бәрінде жұмыс істейді. Ұлттық федерациялар мен шахмат қауымдастығы бағдарламамен еш шектеусіз таныса алады.
Әлеуметтік желідегі белсенділігімді де арттыратын шығармын. Контент тапшылығы болмайтыны анық.
– FIDE вице-президенттігіне кім кандидат болады?
– Ол Вишванатан Ананд болады. Виши шахмат әлеміне таныстыруды қажет етпейді. Ол тарихтағы ең ұлы шахматшылардың бірі әрі барлық құрлықта зор құрметке ие тұлға.
Соңғы жылдары Ананд өзін FIDE жұмысының ерекшелігін терең түсінетін мықты басшы ретінде көрсетті. Қазіргі FIDE командасы соңғы жылдары елеулі нәтижелерге қол жеткізді, бұл ретте Вишидің үлесі зор.
Сондықтан оның біздің командаға қосылуы сабақтастықты сақтауға және атқарылған жұмыстың ең жақсы тұстарын жалғастыруға кепіл болады. Вишидің командамызға қосылуға келіскені мен үшін үлкен мәртебе. Оның сенімін бағалаймын және алғыс айтамын.
– Ресми тіркеуден кейінгі алғашқы қадамдарыңыз қандай болады?
– Тіркеу – заңға қатысты рәсім ғана. Мен сайлау науқанын жеке кандидатура ұсынумен шектелмейтін кең ауқымды жұмыс ретінде қарастырамын.
Біздің командамыз шын мәнінде халықаралық сипатқа ие. Мен оның құрамында Қазақстанды, Президентіміз айтқан «орта держава» ұстанымын таныстырамын. Қазақстан әлемде сенім орнатып, серіктестерді біріктіре алатын мемлекет ретінде құрметке ие.
Меніңше, халықаралық спорт ұйымдарына да дәл осындай тәсіл қажет. FIDE құрамында түрлі мәдениет, аймақ және мүддеге ие 200-ге жуық ұлттық федерация бар. Сондықтан бүкіл шахмат қауымдастығына тиімді шешім қабылдау үшін тепе-теңдік сақтап, өзара құрметке негізделген диалог орната білу маңызды.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы тепе-теңдік пен өзара құрмет қағидаттарын FIDE жұмысына енгізе аламын деп ойлаймын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







