Қазақстанда күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан 106 мектеп жаңа оқу жылына дейін толық дайын болуы керек. Премьер Олжас Бектенов жұмысты созып алған өңір әкімдеріне нысандарды жеке бақылауына алуды тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметтің 18 тамыздағы отырысында оқу орындарының жаңа маусымға дайындығы қаралды. Бектеновтің сөзінше, бірқатар өңірдегі 13 мектепте жөндеу қарқыны тым баяу. Тізімде Алматы қаласы, Абай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары бар.
«Бірқатар өңірдегі 13 мектепте жұмыс қарқыны төмен екенін атап өтемін. Олардың арасында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары және басқа да өңірлер бар. Әкімдерге жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды жеке бақылауға алуды тапсырамын», — деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы жөндеу мерзімін бұзуға болмайтынын ескертті. Мектеп ғимараттары мен оқу кабинеттері 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға әзір тұруға тиіс.
Жаңа оқу жылы басталған күні елде 47 жаңа мектептің есігі ашылады. Оның 20-сы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Әкімдіктерге аталған нысандардың құрылысын ғана аяқтап қоймай, инженерлік желілерін, жиһазын, жабдығын және оқу үдерісіне қажетті инфрақұрылымын толық дайындау міндеті жүктелді.
2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектеп пайдалануға берілуі керек. Өңірлер құрылыс жұмысымен қатар жаңа білім ошақтарын мұғалімдермен және қажетті оқу-техникалық базамен қамтамасыз етуге тиіс.
Үкімет отырысында пән кабинеттерін жабдықтау мәселесі де көтерілді. 1 қыркүйекке дейін мектептерге физика, химия, биология және робототехника пәндеріне арналған 500 кабинет сатып алынуы қажет. Ал жыл соңына дейін елдегі оқу орындарында 1400-ден астам арнайы кабинет орнатылмақ.
«Бірқатар өңір қаржыландыру мәселесін қысқа мерзімде шешуге тиіс. Алдымен Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ұлытау және Ақмола облыстарына қатысты. Қажетті жабдықтарды жедел сатып алу үшін барлық рәсімді тездетуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Мектеп қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл соңына дейін елдегі барлық білім ордасының бейнебақылау камералары Ішкі істер министрлігінің жедел басқару орталықтарына қосылуы керек. Мұндай жүйе мектеп аумағындағы жағдайды полицияның тікелей бақылауына беріп, қауіп туындағанда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша, 2026–2027 оқу жылында Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 59,3 мың орындық 101 жаңа мектеп салынады. Үкімет енді құрылыстың есептегі мерзіммен емес, алғашқы қоңырауға дейінгі нақты дайындықпен өлшенетінін аңғартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







