Экзитполдың алдын ала нәтижесі бойынша Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сайлауында 5 пайыздан астам қолдауға ие болды. ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов партияға дауыс берген азаматтарға алғыс білдіріп, бұл нәтижені үлкен жауапкершілік деп бағалады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Асхат Рахымжанов алғашқы болжамды көрсеткіштер жарияланғаннан кейін сайлау науқанына белсенді қатысқан партияластарға, еріктілер мен қолдаушыларға ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, сайлаушылардың әр дауысы партияға берілген саяси сенімнің көрінісі.
«Біз халықтың сенім мандатына ие болдық. Бұл – үлкен жауапкершілік», – деді ЖСДП төрағасы.
Рахымжановтың айтуынша, сайлауалды кезең партия үшін азаматтармен тікелей сөйлесіп, қоғамдағы нақты мәселелерді тыңдауға мүмкіндік берген. Өңірлердегі кездесулер барысында әлеуметтік әділеттілік, халықтың табысы, еңбек құқықтары, мемлекеттік басқару және азаматтардың саяси үдерістерге қатысуы секілді мәселелер көтерілген.
Партия төрағасы сайлаушылар тарапынан білдірілген қолдау ендігі кезеңде нақты жұмысқа айналуға тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, сайлау қорытындысы саяси науқанның аяқталғанын ғана емес, партия үшін жаңа міндеттердің басталғанын білдіреді.
Асхат Рахымжанов бүкіл сайлау науқаны кезінде ЖСДП командасымен бірге болған белсенділер мен еріктілердің еңбегіне де ерекше тоқталды. Ол партияның өңірлердегі жұмысын ұйымдастыруға, сайлаушылармен байланыс орнатуға және бағдарламалық ұстанымдарды жеткізуге атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.
ЖСДП өкілдері экзитпол мәліметі сайлау учаскелерінен шыққан азаматтар арасында жүргізілген сауалнаманың алдын ала нәтижесі екенін еске салды. Құрылтай сайлауының түпкілікті қорытындысын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде жариялайды.
Партия ресми нәтиже шыққаннан кейін де өз сайлаушыларының мүддесін қорғауға және сайлауалды кезеңде көтерілген мәселелер бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Асхат Рахымжановтың айтуынша, ЖСДП үшін 5 пайыздан астам қолдау жай ғана электоралдық көрсеткіш емес. Ол партияға сенім артқан азаматтардың үмітін ақтауға берілген мандат және алдағы саяси жұмысқа жүктелген жауапкершілік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







