Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация орталығының төрағасы Жанділда Ажығалиұлы Жақыпов медиацияның қоғамдық келісімді нығайтудағы орны, этносаралық даулардың алдын алу жөнінде Ertenmedia.kz сатйы тілшісіне әңгімелеп берді. Оның айтуынша, дау ушыққаннан кейін төрелік айтудан гөрі, келіспеушіліктің себебін ерте анықтап, тараптарды өзара мәмілеге жеткізу әлдеқайда тиімді.
– Жанділда Ажығалиұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация орталығы қандай мақсатпен құрылды?
– Медиация орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Орталық қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге атсалысатын Ассамблея құрылымдарын, мемлекеттік органдарды, кәсіби мамандарды және қоғам өкілдерін ортақ алаңға біріктіреді. Негізгі мақсатымыз қоғамдағы шиеленіс деңгейін төмендетіп, диалог мәдениетін қалыптастыру.
Қазақстанда 120-дан астам этнос өкілі өмір сүреді. Сондықтан өзара құрмет, сабырлы пікір алмасу және ортақ жауапкершілік ел тұрақтылығының басты тіректерінің бірі саналады. Медиация осы құндылықтарды күнделікті өмірде орнықтыруға көмектеседі.
Орталық белгілі бір дау туындағанда ғана іске кірісетін құрылым емес. Біз келіспеушіліктің алдын алу, қоғамдағы көңіл күйді зерделеу және азаматтарға құқықтық әрі консультациялық көмек көрсету бағытында тұрақты жұмыс жүргіземіз. Алдын алу тетігі дұрыс қалыптасса, болмашы түсінбеушіліктің үлкен жанжалға ұласуына жол берілмейді.
– Ассамблея жұмысында медиацияға неге басым бағыт ретінде мән беріледі?
– Медиацияның негізгі табиғаты қарсыласудан гөрі келісуге жақын. Сотта тараптардың бірі жеңіп, екіншісі жеңілуі мүмкін, ал медиация екі жаққа да қолайлы шешім табуға мүмкіндік береді. Мұнда медиатор үкім шығармайды және ешкімге өз шешімін күштеп таңбайды.
Медиатордың міндеті тараптардың бір-бірін тыңдауына жағдай жасап, даудың шынайы себебін анықтауға көмектесу. Кейде сырт көзге үлкен жанжал болып көрінген мәселенің түбінде дұрыс жеткізілмеген сөз, жиналып қалған өкпе немесе ақпараттың бұрмалануы жатады. Ашық әрі байыпты әңгіме осындай түйінді тарқатуға жол ашады.
Ассамблея қызметінің өзегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға негізделген. Сол себепті медиация біздің жұмысымыздың табиғи жалғасы деуге болады. Қоғамдық келісім ұранмен ғана орнықпайды, ол адамдардың күнделікті қарым-қатынасынан, бір-біріне сенуінен және дауды өркениетті жолмен шешуінен қалыптасады.
– Медиация кабинеттері нақты қандай жұмыстар атқарады?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кабинеттері екі негізгі бағыт бойынша қызмет етеді. Біріншісі, ақпараттық-түсіндіру жұмысы – екіншісі, жергілікті жерде туындаған дауларды реттеуге арналған консультациялық көмек. Азаматтарға медиация рәсімінің тәртібі, артықшылығы және құқықтық мүмкіндігі түсіндіріледі.
Медиаторлар еңбек дауын, отбасылық келіспеушілікті, көршілер арасындағы түсінбеушілікті және қоғамдық қатынастарға қатысты өзге мәселені қарауға қатысады. Этносаралық сипат алуы ықтимал жағдайларға айрықша назар аударылады. Мұндай мәселеде әрбір сөзді салмақтап, тараптардың ар-намысына тимей, жағдайды терең түсіну қажет.
Кабинеттер тек азаматтарды қабылдайтын орынмен шектелмейді. Олар жергілікті атқарушы органдармен, этномәдени бірлестіктермен, қоғамдық кеңестермен және құқық қорғау құрылымдарымен байланыс орнатады. Осындай ықпалдастық шиеленіс белгісін ерте байқап, тиісті мамандарды дер кезінде жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Ақпараттық жұмысқа да жеңіл қарауға болмайды. Көп адам медиатордың кім екенін, оған қандай жағдайда жүгінуге болатынын және келісімнің құқықтық салмағын толық біле бермейді. Сондықтан халықтың медиациялық сауатын көтеру – күн тәртібінен түспейтін міндет.
– Жанділда мырза, этносаралық қатынасқа қатысты дауларды реттеудің қандай ерекшелігі бар?
– Этносаралық кеңістіктегі кез келген келіспеушілікке асқан жауапкершілікпен қарау қажет. Тұрмыстық немесе жеке сипаттағы дау кейде асығыс бағалаудың салдарынан этносаралық мәселе ретінде қабылдануы ықтимал. Сондықтан алдымен оқиғаның нақты себебін, қатысушылардың уәжін және тараған ақпараттың дұрыстығын анықтаймыз.
Медиатор бейтараптық қағидатын қатаң сақтауы керек. Ол тараптардың ұлтына, әлеуметтік жағдайына немесе көзқарасына қарай біріне артықшылық бере алмайды. Сенім жоғалған жерде мәміле де болмайды.
Әлеуметтік желінің ықпалы күшейген кезеңде жалған ақпарат пен арандатушы пікірдің қаупі артып отыр. Тексерілмеген дерек қысқа уақытта көпшілікке тарап, қарапайым дауды қоғамдық дүрлігуге айналдыруы мүмкін. Мұндай сәтте ресми ақпаратты жедел тарату, қоғам белсенділерімен байланыс орнату және тараптарды сабырға шақыру маңызды.
Біздің міндет тек орын алған жанжалды тоқтатумен аяқталмайды. Келіспеушіліктің қайта туындауына әсер ететін себептерді де зерделеу қажет. Мәселе шешілгеннен кейін тараптар арасында өзара құрмет пен қалыпты қарым-қатынас сақталса, медиация мақсатына жетті деп айтуға болады.
– Қазақстанда медиация институтын одан әрі дамыту үшін қандай қадамдар қажет?
– Ең алдымен медиаторлардың кәсіби даярлығын ұдайы жетілдіру қажет. Ассамблея медиаторларына арналған семинар, тренинг және тәжірибелік оқу тұрақты өткізіледі. Мамандар құқықтық біліммен қатар психологияны, келіссөз жүргізу әдістерін және этносаралық коммуникацияның ерекшелігін меңгеруге тиіс.
Орталықтың міндетіне медиация саласындағы жұмысты үйлестіру және жүйелеу де кіреді. Біз отандық және шетелдік тәжірибені зерттеп, тиімді әдістерді қазақстандық жағдайға бейімдеуге күш саламыз. Этносаралық қатынасқа арналған әдістемелік құралдарды әзірлеу мен жетілдіру де маңызды бағыттың бірі.
Халықаралық және отандық ұйымдармен ынтымақтастық кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашады. Әр елдің тарихи, мәдени және қоғамдық ерекшелігі әртүрлі болғанымен, бейбіт диалог пен өзара құрметке негізделген қағидаттар ортақ. Жинақталған тәжірибені көшіріп алу жеткіліксіз, оны еліміздің қоғамдық болмысына сай қолдану қажет.
Қазір азаматтардың медиацияға деген сенімі артып келеді. Адамдар еңбек дауын, тұрмыстық келіспеушілікті немесе өзге даулы мәселені ұзаққа созбай, медиатор көмегімен реттеуге болатынын түсіне бастады. Осы үрдіс медиацияның күнделікті өмірге еніп, қоғам мәдениетінің бір бөлігіне айналып келе жатқанын аңғартады.
Алдағы міндет – медиацияны тек дауды шешетін рәсім ретінде қабылдамау. Ол тыңдай білу, өзгенің уәжіне құрметпен қарау және ортақ шешім іздеу мәдениетін қалыптастыруы керек. Қоғамда осындай ұстаным орныққан сайын тұрақтылық пен жалпыұлттық бірліктің іргесі де берік бола түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







