Қазақстан жастарының 82,7 пайызы болашаққа сеніммен қарайды. Олардың оптимизмі білім алуға, жаңа кәсіп игеруге және әлемдік тәжірибеге қол жеткізу мүмкіндігімен сабақтасып жатыр. Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Қуаныш Өмірбек болған сұхбат барысында шетелде оқыған жастардың елге оралуы, кәсіби орта, ұлттық құндылық пен әлеуметтік лифт мәселесі кеңінен сөз болды. Енді осыған назар аударсаңыздар.
– Мемлекет басшысы қазақ жастарының болашаққа оптимизммен қарайтынын айтты. Жастармен тікелей жұмыс істейтін маман ретінде олардың ертеңгі күнге сенімін неден байқайсыз?
– Жастар ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зерттеу нәтижесінде қазақстандық жастардың 82, 7 пайызы болашаққа оптимизммен қарайтыны анықталған. Меніңше, мұндай көрсеткіш жас буынның білім алуға, жаңа кәсіп игеруіне мүмкіндік бар екенін сезінуінен туындап отыр. Қазір жастар бұрынғыдай бір бағытпен шектелмей, ел ішінде де, шетелде де өз қабілетін сынауға ұмтылады.
Бүгінде қазақ студенттері әлемнің беделді университеттерінде білім алып жүр. Оларға халықаралық грант, академиялық ұтқырлық және ғылыми тағылымдама бағдарламалары қолжетімді. Маңыздысы, шетелге шыққан жастың басым бөлігі Қазақстанмен байланысын үзбей, жинаған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсауды ойлайды.
Қазір Қазақстанда жастарға арналған 25-ке жуық бағдарлама жұмыс істейді. Президенттік жастар кадр резерві де қабілетті азаматтың мемлекеттік басқару жүйесіне келуіне жол ашқан маңызды әлеуметтік лифтке айналғанын айта кетуіміз керек. Резервке енген 500-ге жуық маманның бір бөлігі жауапты қызмет атқарып, мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне араласып жүр.
Бұған қоса, «Жастар резерві» секілді жобалар жас маманды анықтап, қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, осындай бір бағдарламаға 250 өтінім түсіп, 20 үміткер финалға өткен, кейін 10 азамат резервке іріктелген еді. Мұндай акселераторлар жастарға зерттеу жүргізуді, жоба әзірлеуді және қоғам алдындағы жауапкершілікті үйретеді.
– Қазіргі жас үшін сапалы білім маңызды ма, әлде өзгеріске тез бейімделу қабілеті алдыңғы орынға шықты ма?
– Сапалы білім мен бейімделу қабілетін бір-бірінен бөлуге болмайды. Білім адамға іргетас қаласа, икемділік сол білімді өзгермелі ортада дұрыс пайдалануға көмектеседі. Қазіргі еңбек нарығы дипломы бар маманды ғана емес, жаңа құралды тез меңгеріп, бірнеше саланың тілін түсінетін адамды іздейді.
Бүгінгі жастарымыз бір орында тұрып қалған жоқ. Олар түрлі жобаға қатысып, стартапта жұмыс істеп, пікірталас алаңында өз ойын ашық жеткізеді. Әлеуметтік желі де жас азаматқа идеясын жариялап, пікірлес орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Өз тәжірибемнен мысал келтірейін. 2023 жылы Римдегі «Ла Сапиенца» университетіне түсіп, магистратура мен докторантурада білім алдым. Онда Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей және Орталық Азияның өзге елдерінен келген студенттермен араластым.

Шетелдегі білім адамның дүниетанымын кеңейтіп, өз еліне сырт көзбен қарауына мүмкіндік береді. Басқа қоғамның жүйесін көрген сайын Қазақстанның артықшылығы мен шешілуге тиіс мәселесін анығырақ байқайсың. Сондықтан халықаралық білімнің шынайы құны дипломда емес, жинаған тәжірибені қайда және қалай қолданатыныңда жатыр.
– Шетелде білім алған жастар Қазақстанға оралуға қаншалықты дайын?
– Шетелде оқып жүрген жастардың арасында елге қайтып, алған білімін Қазақстанда қолданғысы келетіндер көп. Әрине, кейбірі оқуын жалғастырады немесе халықаралық компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Мұны бірден елден кетті, отаншылдықтың әлсіреуі деп қабылдауға болмайды.
Кей мемлекеттер шетелде білім алған азаматын елге қайтару үшін арнайы ынталандыру тетігін қолданады. Жұмысқа орналасқан жас маманға бірнеше жыл бойы қосымша қаржылай қолдау көрсетіп, тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Қазақстандағы жастар ипотекасы, кадр резерві және жұмыспен қамту бағдарламалары да елге оралуды ынталандыратын экожүйенің бір бөлігіне айналып келеді.
Жас маман үшін оралу туралы шешім тек сезімге тәуелді емес. Оған кәсіби орта, әділ бәсеке, лайықты табыс, тұрғын үй және өсу мүмкіндігі қажет. Ел осындай жағдай қалыптастырса, шетелде білім алған азамат жинаған капиталын Қазақстанға алып келеді.
Патриотизмді адамның нақты қай жерде тұрғанымен өлшеу дұрыс бола бермейді. Отанға пайда келтірудің жолы әртүрлі. Ең бастысы, азаматтың білімі, кәсіби байланысы мен тәжірибесі елдің дамуына қызмет етуі керек.
– Патриотизмді балабақша, мектеп және университет бағдарламасы арқылы тәрбиелеуге бола ма?
– Патриотизмді оқулықтағы бірнеше тараумен қалыптастыру қиын. Оның алғашқы дәні отбасында, бала тәрбиесінде және күнделікті ортада себіледі. Мектеп пен университет сол сезімді тереңдетіп, саналы азаматтық ұстанымға айналдыруы қажет.
Бала мемлекеттік рәмізді құрметтеуді жаттанды тапсырма ретінде қабылдамауға тиіс. Ол әнұранның, тудың және елтаңбаның артында қандай тарих пен ортақ тағдыр тұрғанын түсінгенде ғана шынайы байланыс орнайды. Патриотизмнің салмағы рәсімде емес, сол рәсімге берілген мағынада жатыр.
Қазір жастар арасында ұлттық киімге, қазақ тіліне, дәстүрлі музыка мен өнерге қызығушылық артып келеді. Олар ұлттық нақышты күнделікті сәнге, цифрлық контентке және заманауи шығармашылыққа енгізіп жүр. Осындай табиғи үрдіс ұлттық кодтың мұражайда сақталатын жәдігер емес, тірі мәдениет екенін көрсетеді.
Мәдениет пен өнер адамның елмен байланысын терең сезінуіне көмектеседі. Күйді тыңдаған, ұлттық әдебиетті оқыған немесе тарихи орынды көрген жас өз болмысына басқаша қарай бастайды. Сондықтан патриоттық тәрбие бұйрық пен ұранға емес, тәжірибеге, сезімге және жеке жауапкершілікке сүйенуі керек.
Нағыз патриотизм елдегі мәселені жасыруды талап етпейді. Керісінше, кемшілікті көріп, оны түзетуге атсалысу да Отанға қызмет етудің белгісі. Елін сүйетін жас бейжай қалмайды, бірақ сынын нақты ұсыныс пен адал әрекетке ұластырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







