Қазақстанда жасанды интеллектіні өнеркәсіп пен экономиканың нақты міндеттерін шешуге бағыттау мәселесі күн тәртібіне шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында өндірісті технологиялық жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және ғылым мен өндіріс байланысын күшейтуге қатысты бірқатар маңызды міндеттерді айқындады.
Президенттің тапсырмалары жасанды интеллектіні кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге, перспективті технологиялық жобаларды өндірісте кеңінен қолдануға және қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар отандық технологиялық компаниялар мен жас мамандарды нақты индустриялық міндеттерді шешуге тарту, табысты жобаларды коммерцияландыру және ЖИ технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Осы бағыттардың маңызы туралы физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Еркат Мұқажанов пікір білдіріп, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің Қазақстан өнеркәсібінің технологиялық дамуына, ғылым мен бизнестің ықпалдастығына және жасанды интеллектінің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануға ықпалын атап өтті.
– Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні өнеркәсіптің еңбек өнімділігін арттырып, технологиялық жаңғыруды жеделдететін негізгі құралдардың бірі ретінде атап өтті. Бұл ұстаным Қазақстан өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қалай ықпал етеді?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні өнеркәсіптің еңбек өнімділігін арттырып, технологиялық жаңғыруды жеделдететін маңызды құрал ретінде қарастыруы – уақыт талабына сай стратегиялық ұстаным. Бүгінде жаһандық бәсекелестік табиғи ресурстар мен капиталмен қатар, өндірістің тиімділігі мен технологиялық мүмкіндіктерге де байланысты. БҰҰ есебінде жасанды интеллект әлем экономикасын өзгертетін негізгі мегатрендтердің бірі ретінде аталады.
Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі биылғы сегіз айда 46 триллион теңгеге жуықтап, өңдеу өнеркәсібі 8, 4 пайызға өсті. Осы өсімді одан әрі нығайту үшін еңбек өнімділігін арттырып, өндірісті жаңғырту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейту маңызды. Президент айқындаған бағыт бойынша ЖИ осы міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Ол инженерлердің жұмысын жетілдіріп, өндірістегі тиімділікті арттыруға, ал басшылыққа нақты деректер негізінде жедел шешім қабылдауға жағдай жасайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы жасанды интеллектіні нақты экономикалық нәтижеге бағыттауға жол ашады. Технологияны өндіріс үдерістеріне жүйелі енгізу отандық кәсіпорындардың өнімділігін арттырып, жаңа технологиялық мүмкіндіктер қалыптастырады және Қазақстан өнеркәсібінің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
– Президент өндірістегі ЖИ-міндеттерді инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлардың нақты тәжірибесіне сүйене отырып айқындауды тапсырды. Бұл тәсілдің отандық өндірісте жасанды интеллектіні енгізу тиімділігі үшін қандай артықшылығы бар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндірістегі ЖИ міндеттерін инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлардың нақты тәжірибесіне сүйене отырып айқындау туралы тапсырмасы – технологияны өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастыратын маңызды қадам. Себебі өндірістің күнделікті жұмысын жақсы білетін мамандар қай жерде шығын барын, қандай жабдықтың тоқтап тұрғанын, қай үдерісте тиімсіздік немесе тәуекел бар екенін нақты біледі.
Бұл тәсіл ЖИ-ді формалды түрде енгізуден гөрі, нақты өндірістік мәселелерді шешуге бағыттауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде басшылық өндірістегі өзекті түйткілдерді нақты көріп, жасанды интеллектіні қай бағытта қолдану тиімді екенін анықтай алады. Сонымен қатар уақыт пен ресурсты тиімді пайдаланып, артық бюрократиялық рәсімдерді азайтуға жол ашылады.
Президенттің бұл ұстанымы ғылым мен өндірістің байланысын да күшейтеді. Зерттеушілер мен технологиялық компаниялар нақты өндірістік міндеттерге сүйене отырып шешім әзірлей алады. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жасанды интеллект жай ғана жаңа технология ретінде емес, кәсіпорындардың тиімділігін арттырып, нақты экономикалық нәтиже беретін құрал ретінде қалыптасады.
– Қасым-Жомарт Тоқаев қолданбалы ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге, соның ішінде Qazaq AI Research University-дің нақты индустриялық міндеттерді шешуге бағытталуына басымдық берді. Бұл бастама Қазақстандағы ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығын қалай өзгертеді?
– Бұл ғылым мен бизнестің арасындағы дәстүрлі алшақтықты азайтудың нақты тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Qazaq AI Research University тек жоғары санатты мамандар даярлайтын оқу орны емес, нақты өндірістік міндеттерге бағытталған қолданбалы зерттеулер жүргізетін жетекші алаңға айналуға тиіс. Оның ғылыми-зерттеу бағдарламалары экономиканың нақты қажеттіліктеріне бейімделеді.
Бұл ретте өнеркәсіптегі өзекті ЖИ-міндеттер тізімінің тұрақты түрде жаңартылып отыруы маңызды. Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары осы нақты міндеттерді негізге алып, өндірісте қолдануға болатын технологиялық шешімдер әзірлей алады. Мұның нәтижесінде ғылым нақты экономикалық сұраныспен тікелей байланысады, ал бизнес ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуге көбірек мүмкіндік алады.
Президенттің бұл бастамасы Қазақстандағы «ғылым – өндіріс – нарық» байланысын күшейтіп, инновациялық экожүйенің дамуына серпін береді. Ең маңыздысы, ғылыми зерттеулердің нәтижесі нақты өндірістік мәселелерді шешуге бағытталып, олардың экономикалық тиімділігі мен практикалық маңызы арта түседі.
– Мемлекет басшысы перспективті AI және DeepTech жобаларын пилоттық кезеңнен нақты өндіріс пен нарыққа шығарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру қажеттігін айтты. Бұл бағыттағы тапсырмалар отандық технологиялық компаниялар мен жас мамандарға қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бұл мәселе технологиялық жобаларды өндірісте кеңінен қолдануға жол ашатын маңызды қадам. Көптеген перспективті шешімдер пилоттық кезеңнен сәтті өткенімен, қосымша келісулер, қайталама сынақтар мен күрделі рәсімдер олардың әрі қарай дамуына кедергі келтіреді. Президент осы артық кедергілерді азайтып, табысты жобаларды жедел коммерцияландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Бұл тәсіл отандық технологиялық компаниялар мен стартаптарға нақты мүмкіндік береді. Сәтті пилоттық жобаларды нарыққа шығару үдерісі жеңілдеп, тиімді шешімдерді өндірістік жағдайы ұқсас кәсіпорындарға кеңінен таратуға жағдай жасалады. Сонымен бірге отандық әзірлемелердің экономикалық әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік артады.
Президенттің AI Challenge сияқты тетіктерді дамыту жөніндегі ұстанымы жастар үшін де маңызды. «Цифрлық көшпелілер» мен талантты жас мамандар нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатысып, деректерге, есептеу ресурстарына және өндірістік инфрақұрылымға қол жеткізе алады. Мемлекеттік қолдау бастапқы технологиялық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берсе, кейін перспективті жобалар нарықтық ортада дами алады. Осылайша, жастар заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды нақты экономикалық міндеттерді шешуге қолдану тәжірибесін жинақтайды.
– Президент Қазақстанның жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту жөніндегі халықаралық диалогқа үлес қосуға дайын екенін білдірді. Қазақстанның осы бағыттағы бастамасы елдің цифрлық күн тәртібіндегі халықаралық рөлін қалай күшейте алады?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖИ технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту мәселесіне басымдық беруі Қазақстанның халықаралық цифрлық күн тәртібіне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер мемлекеттік шекарамен шектелмейді. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттер мен бизнес қауымдастығының үйлесімді іс-қимылы маңызды.
Қазақстанның сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсынуға дайын екенін білдіруі елдің осы саладағы бастамашыл ұстанымын көрсетеді. Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне Қазақстанның халықаралық бастамасына нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ортақ ұстанымды биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстыру жоспарланып отыр.
Бұл бастама Қазақстанның цифрлық күн тәртібіндегі халықаралық байланыстарын кеңейтуге, озық тәжірибемен алмасуға және жасанды интеллектіні қауіпсіз дамыту жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары Қазақстанның ЖИ технологияларын енгізумен қатар, оларды жауапты әрі қауіпсіз дамытуға қатысты халықаралық пікірталасқа да өз үлесін қосуына жағдай қалыптастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







