Жамбыл облысының Гвардейский кентінде әскери қызметшілерге арналып салынған 240 пәтерлік қос үйдің бес жылдан бері бос тұрғанына Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде халық қазынасының есебінен тұрғызылған екі бірдей 120 пәтерлі көпқабатты баспананың пайдалануға берілмей, қаңырап бос тұрғаны туралы ақпарат тараған еді. Бейнеүндеу авторлары әскерилердің пәтер кезегінде тұрғанына қарамастан, дайын дерлік ғимараттардың бірнеше жылдан бері иесіз қалғанын сынға алған.
Құрылыстың тоқтау себебі мен сапасыз іргетас
Қорғаныс министрлігі үйлердің құрылысы 2021 жылы 90 пайызға дейін жеткізілгенін, алайда мердігерлердің өрескел қателіктеріне байланысты жұмыс мәжбүрлі түрде тоқтатылғанын мәлімдеді. Техникалық тексеру кезінде жүк көтеретін конструкциялардан жарықтар табылған.
Сондай-ақ сараптама нәтижесі іргетасқа құйылған бетонның нақты беріктігі жобалық талаптарға сай келмейтінін және жекелеген тіректерді күшейту қажеттігін көрсеткен.
«2026 жылдың шілде айында уәкілетті қызметтер нысандарға қосымша тексеру жүргізді. Тексеріс қорытындысы бойынша құрылымдарды күшейту және тиісті жобалық құжаттаманы әзірлеу ұсынылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен және сараптамалық ұйымдармен бірлесіп техникалық шешімдерді айқындау, құжаттарды түзету және құрылысты аяқтау бағытында жұмыстар жүргізілуде», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Құпия мәліметтер және гарнизондағы баспана қоры
Министрлік аталған нысандардың нақты құны, бөлінген қаржы көлемі мен мердігер ұйымдармен есеп айырысу туралы ақпаратты жариялаудан бас тартты. Ведомство Бюджет кодексі мен әскери жоспарлау заңнамасына сәйкес, деректер құпия саналатынын және жария етуге жатпайтынын алға тартты.
Сонымен қатар қорғаныс ведомствосы Гвардейский гарнизонында баспана кезегінде тұрған әскери қызметшілерді қамтамасыз етуге арналған бос қызметтік тұрғын үй қоры жеткілікті көлемде бар екенін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







