Әнші Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының «Milfa» әніне түсірген жаңа бейнебаяны әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, үлкен дау туғызды. Оқу аудиториясында түсірілген видео мұғалім беделіне көлеңке түсірді деп сыналғаннан кейін білім саласының шенеуніктері колледж басшылығына қатысты тәртіптік шара қолдануға кірісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аудиториядағы ашық образ және желідегі наразылық
Даудың туындауына бейнебаяндағы сахналық шешім мен ән мәтініндегі ашық астар түрткі болды. Сюжет бойынша Дильназ Ахмадиева терең ойылған көйлек киіп, қолына ұзын көрсеткіш таяқ ұстаған қазақ тілі пәнінің мұғалімі кейпінде көрінеді. Ал топ мүшелері мектеп партасының үстіне шығып билейтін және ақша шашатын оқушылардың рөлін сомдаған.
Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын әсіресе әннің «Қандай тәте? Тәте деген – қате, тым болмаса милфа деші» деген сөздері мен ашық киінген мұғалім бейнесі туғызды. Қоғам белсенділері мен ата-аналар мұндай мазмұнның білім ордасында түсірілуін ұстаз мәртебесін қорлау деп бағалап, Оқу-ағарту министрлігінен шара қолдануды талап етті.
Білім басқармасының тексерісі: жаза кімге қолданылады?
Аталған даудан кейін Алматы қалалық білім басқармасы мән-жайды зерделеп, оқиға қаладағы көпбейінді колледждердің бірінде болғанын растады. Басқарманың мәліметінше, түсірілім ведомствомен келісілмеген. Түсірілім жүргізілген күндері оқу орнының директоры іссапарда болып, ғимаратқа кіруге оның міндетін атқарушы рұқсат берген.
Ресми жауапта әнші басында студенттермен кездесу өткізуге ниет білдіргені, бірақ колледж әкімшілігі түсірілімнің нақты сценарийі мен мазмұнын мұқият тексермегені айтылды. Осыған байланысты колледж директорының міндетін атқарушыға қатысты тәртіптік жауапкершілік қаралып жатыр.
Топ мүшелерінің кешірімі: «Бритни Спирске пародия»
Қоғамдық реакцияның күшейгенін көрген «Азия» тобының әншісі Ренат Басит арнайы бейнеүндеу жариялап, ұстаздардан кешірім сұрады. Ол шығармашылық ұжымның білім қызметкерлеріне құрметпен қарайтынын, бейнежазбада тек кәсіби актерлер ойнағанын жеткізді. Оның айтуынша, бейнебаян әлемге танымал америкалық поп-әнші Бритни Спирстің мектеп тақырыбындағы әйгілі клипіне жасалған әзіл пародия ғана.
«Мұғалімдер қауымының атына нұқсан келтірсек, көңілдеріңізге тисек, кешірім сұраймыз. Менің де, Ерболдың да анасы – мұғалім. Бізде ондай жаман ой болған жоқ. Түсірілімге тек кәсіби актерлер қатысты», – деді әнші.
Дильназ Ахмадиеваның қорғауы: «Әзіл үшін қуылу әділетсіз»
Ал әнші Дильназ Ахмадиева түсірілім алаңын ұйымдастырумен өзі тікелей айналыспағанын мәлімдеді. Ол бейнебаянда ешқандай қорлау ниеті болмағанын алға тартып, қарапайым әзіл үшін колледж қызметкерін қызметінен босатуды тым артық жаза деп есептейтінін білдірді.
Өнер иесі қоғамның мұндай дүниелерге тым қатал қарап, көңіл көтеретін туындыны трагедияға айналдырып жібергеніне таңданыс білдірді.
«Әзіл үшін түсірілген клипке бола адамды жұмыстан қуып жіберу қаншалықты әділетті? Мұнда ешкім мұғалімнің мамандығын немесе ұстаздардың беделін қорлаған жоқ. Бритни Спирстің мектепте түсіргенін бәрі жақсы көреді ғой. Біздің менталитетті түсінемін, бірақ қоғамға кейде кішкене болса да әзілге еркіндік беру керек емес пе?», – деді Дильназ Ахмадиева.
Қазір білім басқармасы мен арнайы комиссия оқиғаға қатысты соңғы қорытынды шешімді қабылдау үстінде. Бұл жағдай шығармашылық еркіндік мен мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі этикалық шекараның қай жерден басталып, қай жерден аяқталатыны туралы пікірталасты қайта жандандырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







