Ұлыбритания королі ІІІ Карл Кариб бассейні елдеріне жасаған тоғыз күндік ресми сапары барысында отаршылдық пен құлдық дәуірінің ауыр зардаптарын ашық атап өтіп, тарихи әділетсіздіктер болғанын мойындады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Монарх сапарын Багам аралдарынан бастады. Одан әрі ол Гайана мемлекетіне, кейін Антигуа және Барбудаға барады. Сапар аясында король мен ханшайым Камилла 56 мемлекеттің басын қосатын Достастық елдері үкімет басшыларының кезекті саммитіне (CHOGM) қатысады.
Нассаудағы үндеу: өткен тарихпен бетпе-бет келу
Багам астанасы Нассау қаласындағы Клиффорд паркінде жастармен кездескен ІІІ Карл өткен тарихтың ауыр кезеңдерін аттап өту мүмкін еместігіне тоқталды. Монарх осы алаңға алғаш рет 1973 жылы елдің тәуелсіздік күні салтанатына Уэльс ханзадасы мәртебесінде қатысқан еді.
Багам жастарына арнаған сөзінде британ монархы өткен қасіреттерге баға берді.
«Бүгінгі күннің жетістіктеріне қуанып, келешекке жаңа мүмкіндіктер ашсақ та, осы аралдар мен одан тыс аумақтардағы өткен күннің ауыр қасіреті мен әділетсіздіктерін мойындау – парызымыз», – деді ІІІ Карл.
Репарация талабы және ресми Лондонның ұстанымы
Корольдің бұл мәлімдемесі Кариб өңірі елдерінің Ұлыбританиядан трансэтлантикалық құл саудасы үшін ресми кешірім сұрауды және қаржылай репарация төлеуді талап еткен үндеулері үдеген шақта жасалды. Тарихи деректерге сәйкес, Британ империясы кезінде 3 миллионға жуық адам күштеп Атлант мұхиты арқылы жаңа құрлыққа құлдыққа тасымалданған.
Достастық ұйымының бас хатшысы Ширли Ботчвей де бұл тақырыпты талқылайтын уақыт жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, монархтың кешірім сұрауы орынды қадам болар еді. Сонымен қатар аймақтағы жиырмадан астам мемлекетті біріктіретін CARICOM ұйымы да Достастық саммитінде өтемақы мәселесін күн тәртібіне қоюға ниетті. Ұйымның бас хатшысы Карла Барнетт репарация төлеу ең алдымен әділдікті қалпына келтірудің негізі екенін жеткізді.
Алайда Букингем сарайы монархтың жеке кешірім сұрамайтынын аңғартты. Ұлыбритания үкіметі бұл сауалдарды үкіметаралық деңгейде шешілетін саяси мәселе деп бағалайды және қаржылай өтемақы беруден бас тартып отыр. Британ Сыртқы істер министрлігіндегі дереккөздер оқиға орын алған кезеңде құл саудасы заңсыз деп танылмағандықтан, бүгінде өтемақы төлеуге құқықтық негіз жоқ екенін алға тартады.
Тарихтағы теңсіздік пен сапардың бағдарламасы
Мәселенің өзектілігі тарихи теңсіздіктермен тікелей байланысты. Лондон университеттік колледжінің зерттеуіне сүйенсек, 1834 жылы құлдық ресми түрде жойылған кезде Ұлыбритания үкіметі құл иеленушілерге қазіргі бағаммен 17 миллиард фунт стерлинг (шамамен 22,5 миллиард доллар) көлемінде өтемақы төлеген. Ал ғасырлар бойы қанауда болған құлдарға ешқандай көмек берілмеген.
Ширли Ботчвей бұл тарихи шындықтан аттап кету енді мүмкін еместігін айтады.
«Біз бұл мәселеден қашып құтыла алмаймыз. Ең бастысы – өтемақының қандай түрде жүзеге асатынын айқындау, ал нақты шешімдер уақыт өте келе қабылданады», – деп мәлімдеді Достастықтың бас хатшысы Ширли Ботчвей.
Багамдағы сапары барысында ІІІ Карл премьер-министр Филип Дэвиспен келіссөздер жүргізіп, экологиялық бастамаларды талқылайды. Сондай-ақ ол 1980 жылы кубалық әскери ұшақ атып түсірген Багам флотының кемесінде қаза тапқан теңізшілердің отбасыларымен кездеседі. Ал құлдық тақырыбы бойынша негізгі саяси пікірталас алдағы күндері Антигуа және Барбудадағы халықаралық саммитте жалғаспақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







