Жоғарғы Кеңес Президиумының мүшесі әрі 4 рет депутат болған академик, ғалым Оразәлі Сәбден Назарбаевқа баға беру үшін жұмыс тобы құрылуы керек екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оразәлі Сәбден бірінші сайлауда экс-президент Назарбаевты неліктен қолдағанын айтты.
«Ол уақытта шыншыл болатын, жақсы, пысық басшы болды. Ұйымдастыру қабілеті дұрыс болды. Партияны басқарып отырды, Қонаевтан кейін бірінші хатшы болды. Оның ішіне кім кіріпті?! Адам бір күнде өзгермейді ғой. Біз сендік. Ол уақытта басшы болатын адам көп еді. Бірақ мына кісі басқарып отырғаннан кейін сенім білдірдік», — деді ғалым Ne boldy арнасына.
Мемлекет және қоғам қайраткері Оразәлі Сәбден Нұрсұлтан Назарбаевқа бағаны беретін Парламент екенін жеткізді.
«Әртүрлі цифр бар. «200 млрд. доллар Назарбаевтың қолында» дейді. Айналасында, өзінде дегендей. Қазақстанның қазіргі Президенті «заңсыз жекешеленген, заңсыз меншікті алған, заңды бұзып, қаражатты өзіне алып алған азаматтар ақшаларын қайтарсын» деді. Оның ішінде ең бірінші нөмір болып тұрған — Назарбаев. Бірақ әлі қайтпай жатыр. Қайтарған уақытта оған баға беріледі. Қазір Парламент қауқарсыз, (Назарбаевқа — еск.) баға бере алмайды. Бағаны қалай беру керек?! Бағаны қай мемлекетте болса да заң жүргізуші орган береді. Ол — Парламент. Парламентте депутаттардан жұмыс тобы құрылуы керек. Назарбаевтың 30 жылда жасаған жақсылығы да, жамандығы да, ұрлаған ақшасы да (есепке алынуы керек — еск.). Оған заң жүйелері — сот, прокуратура, ҰҚК қосылуы керек. Сол үлкен комиссия ақ-қарасын ашуы керек. (Сол комиссия — еск.) Назарбаевтан бастап сыбайластан жемқорлықпен айналысқан көптеген азаматты тәркілейді. Қазір биліктің басында кем дегенде 70-80 пайыз Назарбаевтың адамдары отыр. Жүйе жөнделсе, заңмен шегеленсе, бәрі реттеледі», — деді Оразалы Сәбден Ne boldy арнасына сұхбатында.
Сонымен қатар, белгілі экономист «Назарбаевты мақтап-мақтап өзіміз бүлдірдік» деген сөз жай сөз екенін, мұның бәріне жүйе кінәлі екенін айтты.