Қорғаныс министрінің орынбасары Нұрхан Ахмедиев Ertenmedia.kz ақпараттық агенттігіне әскерге шақыруды цифрландыру, «ақылды әскери комиссариат», жасанды интеллект арқылы сарбаз қауіпсіздігін бақылау және роботтандырылған бөлімдер құру турасында жұмыстары жайында кеңінен әігәмелеп берді. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Сіз Қорғаныс министрінің ең жас орынбасарларының бірісіз әрі саптық бөлімнен емес, киберқауіпсіздік саласынан келдіңіз. Ақпараттық технология маманы әскерде ең алдымен нені өзгертуі керек?
– Қазақстанда цифрлық трансформация белсенді жүріп жатыр, Қорғаныс министрлігі де осы үдерістен тыс қалмайды. Менің міндетім қолданыстағы жұмыс тәртібін қайта қарап, оны аз уақыт пен аз ресурс жұмсап, барынша тиімді ету. Цифрландырудың мәні жаңа бағдарлама орнатумен шектелмейді, ол азамат пен әскери қызметшіге қолайсыздық туғызатын ескі процесті өзгертуді көздейді.
2022 жылы министрлікке келгеннен кейін алғашқы кезекте ішкі аудит жүргіздім. Қандай жүйе бар, қай бағыт кенже қалып отырғанын сараптадық. Осыдан кейін жұмысты неден бастау керегі анықталды. Алдымен азаматтар күнделікті кездесетін салыстырмалы түрде жеңіл процестерді цифрландыруға кірістік.
Жас адамның Қарулы күштермен алғашқы байланысы шамамен 17 жасында басталады. Сол кезде ол бастапқы әскери есепке тұру үшін жергілікті әскери басқару органына шақырылатыны белгілі. Біз азаматтың 17 жастан зейнетке шыққанға дейінгі бүкіл жолын зерделеп, қай кезеңді бірінші кезекте цифрландыру керегін белгіледік.
Әрбір түйісу нүктесін азаматтың көзімен қарауға тырыстық. Әскерден босату, мерзімді қызметті кейінге қалдыру, медициналық тексеру мен әскери есепке қою секілді рәсімдер көп уақыт алатыны жасырын емес. Сондықтан ең көп адамға әсер ететін және мемлекеттің шығынын азайтатын бағыттарға басымдық берілді.
– «Ақылды әскери комиссариат» жобасы азаматтарға қандай мүмкіндік береді?
– «Ақылды әскери комиссариат» әскерге шақыру мен әскери есеп жүргізуді цифрландыруға арналған жоба. Жүйе мемлекеттік органдардағы деректерді пайдаланып, шақыру, медициналық тексеру және үміткерді іріктеу процесін автоматтандырады. Жекелеген кезеңде жасанды интеллект мүмкіндігі де қолданылады.
Бірде әскери комиссариатқа барғанымда мүгедектігі бар жас жігіт пен оның анасын кездестірдім. Анасы ұлының денсаулық жағдайы мемлекеттік базада көрсетілгеніне қарамастан, жыл сайын анықтамасын қайта растап, кейінге қалдыру рәсімінен өтуге мәжбүр екенін айтты. Оларға жыл сайын шақыру қағазы келіп отырған.
Осындай жағдай азаматқа артық салмақ түсіріп қана қоймай, мемлекеттік қызметтің тиімділігіне де күмән туғызатыны анық. Егер қажетті мәлімет ресми базада бар болса, адам сол ақпаратты қайта дәлелдеу үшін мекемеге бармауға тиіс. Қазір әскери комиссариат жұмысының басым бөлігі азаматтың қатысуынсыз, проактивті тәртіппен орындалады.

Бастапқы әскери есепке қою секілді рәсімдерді цифрландыру әкімдіктердің шығынын да қысқартты. Әскерге шақыруды ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар жауап береді, ал үнем көлемі жылына 1 млрд теңгеден асты. Бұрын қаражат азаматты шақыруға, құжатын тексеруге және тіркелгенін растауға жұмсалатын.
Қорғаныс министрлігі Үкімет басшысына үнемделген қаражатты басқа маңызды әлеуметтік жобаға бағыттауға болатыны жөнінде ұсыныс жолдады. Цифрландырудан түскен нәтиже тек қызметтің жылдамдауымен өлшенбейді. Оның экономикалық тиімділігі де нақты көрінуі керек.
– Әскерге шақырылатын жас қызмет ететін бөлімін өзі таңдай ала ма?
– Қазір осындай цифрлық шешім бір әскери бөлімде пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Азамат арнайы платформа арқылы бөлімді таңдап, қызмет жағдайымен алдын ала таныса алады. Онда күн тәртібі, тамақтану, жатын орын, әскери дайындық және қосымша білім алу мүмкіндігі көрсетіледі.
Жас азамат әскерге қайда бара жатқанын және бір жыл ішінде немен айналысатынын алдын ала білуі керек. Ақпараттың ашықтығы белгісіздіктен туындайтын қорқынышты азайтады. Сонымен қатар әскерге күштеп әкету секілді жағымсыз көріністердің алдын алуға көмектеседі.
Қызығушылық танытқан азамат Sarbaz сайты арқылы өтінім бере алады. Ақпараттық технология саласындағы білімі немесе тиісті сертификаты бар үміткердің технологиялық бөлімге түсу мүмкіндігі жоғары болады. Іріктеу кезінде оның денсаулық жағдайы, білімі, кәсіби дағдысы және бөлімдегі қажеттілік ескеріледі.
Мұндай бөлімнің алғашқы тәжірибесі бір ғана нысанмен шектелмейді. Қорғаныс министрінің тапсырмасымен осы үлгідегі бөлімдерді Ақтау мен Атырауда да құру жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат мерзімді қызметті жастардың қабілетін дамытатын кезеңге айналдыру.
Меніңше, әскер қоғамнан бөлек тұрған жабық кеңістік болмауы керек. Жас азамат азаматтық өмірде игерген дағдысын бөлімде жалғастырып, оны қорғаныс міндетіне бейімдей алады. Осындай тәсіл әскер мен еңбек нарығының арасындағы байланысты күшейтеді.
– Сарбаз бір жылдық қызмет кезінде қандай білім мен мүмкіндікке ие болады?
– Әскери бөлімде шет тілін үйренуге, ақпараттық технология, киберқауіпсіздік, байланыс және жасанды интеллект бағытындағы курстардан өтуге мүмкіндік бар. Жауынгерлік дайындықтан тыс уақытта сарбаз өзінің кәсіби дағдысын жетілдіреді. Қызмет мерзімі аяқталғанда оның қолында әскери тәжірибемен қатар, азаматтық өмірге қажет жаңа мамандық болуы мүмкін.
Сарбаздар TechOrda бағдарламасының курстарына да қатыса алады. Бір адамды оқыту құны шамамен 600 мың теңгені құрайды, алайда әскери қызметші үшін оқу тегін. Бір жыл ішінде ол сұранысқа ие цифрлық мамандықтың негізін меңгереді.
TechOrda жобасының бастамашыларының бірі болғандықтан, оның жастарға қандай мүмкіндік беретінін жақсы білемін. Бағдарлама қысқа мерзімде нақты кәсіби дағды қалыптастыруға бағытталған. Енді сол мүмкіндік әскери қызмет өткеріп жүрген жастарға да ұсынылып отыр.
Сарбаздардың бос уақыты да мазмұнды ұйымдастырылған. Олар футбол, баскетбол, күрес, джиу-джитсу және самбомен аптасына бірнеше рет айналыса алады. Шахмат үйірмесіне қатысып, спорттық разряд алуға мүмкіндік бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







