Дубайдан үй алғандар тізімінде облыс не Алматы секілді республикалық маңызы бар қаланы басқарған, әлі де басқаратын азаматтар мен олардың жақындары да бар. Бұл туралы «Азаттық» зерттеуінде айтылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Дерекке сүйенсек, олардың кейбірі мемлекеттік қызметке дейін не кейін кәсіппен айналысқанын айтады. Тағы бірі несиеге жүгінгенін айтады.
Америкалық C4ADS ұйымы Азаттыққа Дубайдағы жылжымайтын мүлік реестрін ұсынды. 2020 және 2022 жылдарды қамтитын бұл реестрге қарағанда, Қазақстанның 1550 азаматы жалпы құны 1 млрд доллардан асатын 2700-ге жуық жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Бұл тізімнен Қазақстанның қазіргі және бұрынғы шенеуніктері мен олардың туыстары көп кездеседі.
C4ADS құжаттарына қарағанда Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Дубайда пәтері бар. Оны Дубай Марина ықшамауданындағы SHAMS тұрғын үй кешенінен алған. Үйдің аумағы шамамен 170 шаршы метр. Ал нарықтағы құны 300 млн теңгеден асады.
Тіркеу құжатына қарағанда, ол үйді 2005-2015 жылдар аралығында сатып алған. Досаев биліктен отставкаға кеткен 2006-2012 жылдары мұнай, қаржы саласында бизнеспен айналысқанын жоғарыда атап өттік. Forbes Kazakhstan журналы оның сол кездегі байлығын 110 млн доллар деп бағалаған. Досаев мұны жасырмайды, екі жыл бұрынғы брифингте бақуатты екенін растаған.
– Мен кедей емеспін. …Кіріс бар, декларацияланған, салығы төленген, – деген еді ол журналистерге.
Азаттық Алматы әкіміне хат жолдап, Дубайдағы мүлкі туралы сұрады. Жауап хатта Досаевтың өзі де, әйелі де заң талаптарына сәйкес табыс декларациясын тапсыратыны жазылған.
Айта кетейік, еңбек жолында министр лауазымынан екі рет отставкаға кеткен Досаевтың отбасылық бизнесін әйелі Гүлнәр Досаева жүргізеді. Ол жыл сайын жүздеген млн теңге салық төлейтін компаниялардың құрылтайшылары қатарында.