Көктем келісімен Қазақстан қалаларында сирень гүлі қайта жайқалып, жылда қайталанатын түйткілді мәселе алдымыздан шығады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл Алматыда сирень ерте гүлдеді. Артынша әлеуметтік желіде сынған бұтақ, жұлынған гүл, жұлынып кеткен түп туралы жазбалар көбейіп жатыр. Қала тұрғыны аулаға, тұрғын үй кешеніне, тіпті өз қолымен еккен бөртегүлдің де аман қалмай жатқанын айтып шағымданды.
Бірі “көріп тамсанатын гүл еді” десе, енді бірі “бір адам бір бұтадан құшақ-құшақ гүл алып кетеді” деп наразы болды. Жекеменшік үй иелері де осындай жағдайды айтып отыр. Кей аулада бөртегүл толық ашылмай жатып үзіліп кететін көрінеді.
Көпшілік қоғамдық жерде өскен бөртегүлді жұлу жауапкершілікке тартыла ма деген сұрақ туындап тұр. Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, қала ішіндегі ағаш, бұта, шөп атаулының бәрі жасыл желек санатына кіреді. Олар тек сән үшін емес, санитарлық, экологиялық және қорғаныш қызметін де атқарады. Сондықтан көпқабатты үй ауласындағы не көше бойындағы бөртегүл иесіз дүние болып саналмайды.
Ведомство мәліметіне қарағанда, саябақта, скверде, көше жиегінде, көпқабатты үй ауласында және өзге де қоғамдық орында бөртегүлдің бұтағын сындыру абаттандыру тәртібін бұзу және қоршаған ортаға залал келтіру ретінде қаралады.
Мұндай әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына жатады. Яғни ескерту берілуі мүмкін немесе айыппұл салынады. Жеке адам үшін айыппұл көлемі 20 АЕК, қазір ол 86 500 теңге. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, сома 30 АЕК-ке, яғни 129 750 теңгеге дейін өседі.
Егер келтірілген залал елеулі деп танылса, мәселе әкімшілік деңгейден қылмыстық деңгейге өтеді. Ондай жағдайда Қылмыстық кодекстің 340-бабы, яғни ағаш пен бұтаны заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру бабы қолданылуы мүмкін.
Аталған бап бойынша 160 АЕК-ке дейін, шамамен 692 мың теңгеге дейін айыппұл салу, сол көлемде түзеу жұмысына тарту, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жіберу немесе 40 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Кей жағдайда мүлікті тәркілеу де қолданылуы ықтимал.
Түйін
Ал бөртегүл жекеменшік аумақта өсіп тұрса, мәселе бұдан да салмақты болуы мүмкін. Үй иесі не жер телімі иесі полицияға арыз бере алады. Мұндайда бөтен мүлікті қасақана бүлдіру бабымен жауапкершілік туындайды.
Егер иесіне айтарлықтай шығын келсе, жаза 500 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін, яғни 2,2 млн теңгеден 8,7 млн теңгеге дейін айыппұл салуға, тіпті екі жылға дейін бас бостандығын шектеуге не айыруға ұласуы мүмкін.
Ішкі істер министрлігі мұндай дерек бойынша 102 нөмірі арқылы, аумақтық полиция бөліміне, e-Otinish сервисі мен “Заң және тәртіп” платформасы арқылы шағым түсіруге болатынын айтты. Өтінішке фото, видео, куәгер дерегі секілді айғақ тіркелсе, қарау жұмысы әлдеқайда нақты жүреді. Көктемде гүлге қызығу түсінікті. Бірақ бір сәттік әдет үшін қаладағы жасыл желекті тоздыру да, айыппұл арқалау да ешкімге абырой қоспайды.
Қазақстанда онлайн саудаға бақылау күшейіп жатыр. 2026 жылдан бастап интернет-платформа операторлары салық органдарымен дерек алмасудың жаңа тәртібімен жұмыс істейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







