LRT туралы бейнеролик арқылы көпшілікке танылған үш жасар Әміреге Мемлекет басшысының Алғыс хаты табыс етілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Халықаралық балаларды қорғау күні үш жасар Әміремен кездесіп, оған арнайы сыйлықтар тапсырды.
Әміредің LRT-ға алғаш мінген сәті түсірілген бейнеролик әлеуметтік желіде кең тараған еді. Бүлдіршін сол видеода LRT өзін ел Президентімен кездесуге апаратынына шынайы сенген. Оның балалық аңғалдығы, кіршіксіз көңілі мен қарапайым қуанышы көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Әміреге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты және естелік сыйлықтар табысталды.

Әкім мұндай сәттер адамға арманға сенуді, жақсылықтан үміт үзбеуді және өмірдің қарапайым қуаныштарын бағалауды еске салатынын атап өтті.
Ол Әміреге мықты денсаулық, армандарының орындалуын және шаттыққа толы бақытты балалық шақ тіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







