Қазақстанда діни тақырыпта пікір білдіретін блогерлер мен танымал адамдар көбейгенін көпшілікке мәлім. Бірақ олардың бәрінің бірдей жүйелі білімі жоқ. Белгілі теолог Асқар Сабдин тілшімізге берген сұхбатында неофиттік қызбалық, әлеуметтік желідегі ретсіз насихат және діни сауаттың маңызы туралы айтып берді.
– Асқар мырза, дінге жаңадан бет бұрған адамның мінез-құлқында қандай өзгеріс байқалады?
– Дінге жаңадан келген адамды «неофит» деп атайды. «Неофит Рим папасынан да діндар болады» деген тәмсіл бар. Адам жаңа ортаға кіргенде алған әсері мен ішкі толқынысын бірден өзгелерге жеткізуге асығады.
Дінге бет бұру адамның дүниетанымына, өмір салтына және құндылықтарына ықпал етеді. Алғашқы кезеңде ол барлығын бірден түсіндім деп ойлауы мүмкін. Эмоциялық қуат білімнен озып кеткен кезде қызбалық пайда болады.
Мұндай адамдар өзінің тәжірибесін баршаға ортақ діни қағида ретінде ұсына бастайды. Ол белгілі бір мәселенің тарихи, құқықтық және рухани қырларын толық білмеуі мүмкін. Соған қарамастан камера алдына шығып, жұртқа үкім айтып, насихат жүргізуге ұмтылатынын көріп жүрміз.
Ниеті дұрыс болғанымен, білімі жеткіліксіз сөз қоғамға кері әсер етуі ықтимал. Қате тұжырым діни қағидаларды бұрмалап, адамдар арасында түсінбеушілік туғызады. Кей жағдайда мұндай әрекет діннің қоғамдағы беделіне де нұқсан келтіреді.
– Өнер және спорт саласындағы танымал адамдардың діни тақырыпқа жиі араласуына қалай қарайсыз?
– Өнерпаздың немесе спортшының дінге келуінде тұрған ешқандай мәселе жоқ. Әр адамның сенім таңдауына құқығы бар. Мәселе діни білім алып үлгермеген адамның көпшілікке ұстаздық айтуынан басталады.
Танымал адамның аудиториясы үлкен болады. Оның бір ауыз сөзі мыңдаған, кейде миллиондаған адамға тарайды. Сондықтан көпшілік алдында айтылған діни пікірге жауапкершілік те жоғары болуы керек.
Мен осындай азаматтардың талайына «Алдымен дінді үйрен, содан кейін сөйле» деп айттым. Дінге қызығушылық таныту мен діни мәселеге кәсіби баға беру екі бөлек дүние. Танымалдық адамға діни біліктілік бермейді.
– Сонда діни тақырыпта сөйлеуге дейін адам қандай жолдан өтуі керек?
– Ең алдымен жүйелі білім алуы қажет. Дінді жеке бейнероликтерден, қысқа жазбалардан немесе әлеуметтік желідегі кездейсоқ уағыздардан толық меңгеру мүмкін емес. Діни білім сабақтастыққа, әдістемеге және білікті ұстаздың жетекшілігіне сүйенеді.
Елімізде білім алуға мүмкіндік бар. Медреселер, Нұр-Мүбарак университеті және исламтану мен теология мамандарын даярлайтын оқу орындары жұмыс істейді. Дінге қызыққан азамат сол орталарға барып, сенімді мамандардан дәріс алғаны жөн.
– Әлеуметтік желі діни насихаттың сипатын қалай өзгертті?
– Бұрын діни пікір белгілі бір ортада айтылып, оның таралу ауқымы шектеулі болатын. Қазір камераны қосып, бірнеше минут ішінде мыңдаған адамға үн қатуға болады. Алайда ақпараттың жылдам таралуы оның дұрыс екенін білдірмейді.
Әлеуметтік желі қысқа әрі эмоциялық мазмұнды алға шығарады. Терең түсіндіруді қажет ететін діни мәселе кейде бірнеше сөйлемге сыйғызылып, мағынасы өзгеріп кетеді. Лайк пен көрілім қуған адам күрделі тақырыпты әдейі өткірлетіп, даулы тұсын ғана көрсетуі мүмкін.
Осыдан кейін діни кеңістікте ретсіздік пайда болады. Бір адам бір пікір айтады, екіншісі оған қарсы үкім шығарады, үшіншісі екеуін де жоққа шығарады. Қарапайым оқырман кімнің сөзіне сенерін білмей қалады.
Біліксіз насихат қоғамды жікке бөліп, отбасылық және әлеуметтік қатынасқа әсер етуі мүмкін. Кейбір азамат діни ұғымды қате түсініп, айналасындағыларды айыптауға көшеді. Дін рухани тәрбие құралының орнына дау мен тартыстың тақырыбына айналып кетеді.
– Асқар мырза айтыңызшы, осы ретсіздіктің алдын алу үшін не істеуіміз керек?
– Бірінші кезекте діни сауатты күшейту керек. Адам қандай ақпаратты кімнен алып жатқанын және сөйлеп отырған адамның тиісті білімі бар-жоғын ажырата білуі қажет. Діни мазмұнды қабылдауда да медиасауат пен сыни ойлау маңызды.
Заң талаптары да сақталуға тиіс. Қазір заңсыз діни мазмұн таратқан кейбір блогерлер мен инфлюенсерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Олардың арасында ресми діни қызметкерлердің кездесуі мәселенің тек неофиттермен шектелмейтінін көрсетеді.
Діни қызметкер қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі қажет. Оның сөзі қарапайым пікір ретінде қабылданбайды, өйткені тыңдарман оны діни білім иесі деп таниды. Сондықтан әрбір тұжырым дәлелге, діни дәстүрге және елдің құқықтық тәртібіне сай айтылуы керек.
Діни лауазым адамға кез келген тақырыпта шексіз сөйлеуге ерік бермейді. Керісінше, кәсіби мәртебе жауапкершілікті арттырады. Дін қызметкері қоғамды сабырға, бірлікке және парасатты диалогке шақыруы керек.
– Дінге жаңадан келген азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ішкі толқынысты бірден насихатқа айналдыруға асықпаған жөн. Алдымен білім алып, сұрақ қойып, түрлі мәселенің мәнін байыппен түсіну қажет. Сенімнің тереңдігі дауыстың қаттылығымен өлшенбейді.
Дін адамды сабырға, жауапкершілікке және көркем мінезге тәрбиелеуі керек. Білімсіз қызбалық уақытша әсер қалдырғанымен, оның салдары ауыр болуы ықтимал. Сондықтан қағида қарапайым – әуелі үйрену, содан кейін сөйлеу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







