Бірнеше мәрте депутат болған академик Оразәлі Сәбден экс-президент Назарбаевқа әділ баға беретін арнайы жұмыс тобы құруды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалым Ne boldy арнасына берген сұхбатында Назарбаевты алғашында не себепті қолдағанын айтты.
«Алғашқы сайлауда Назарбаев шынында да ширақ, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, пысық басшы ретінде көзге түсті. Ол кезде партияны басқарып, Қонаевтан кейін бірінші хатшы болды. Адам бір күнде өзгеріп кетпейді ғой. Сондықтан оған сендік. Басшылыққа лайық басқа да тұлғалар болды. Бірақ Назарбаев қызметте болған соң, сенім білдірдік», – деді академик.
Оразәлі Сәбден Назарбаевқа бағаны беретін жалғыз орган Парламент деп санайды.
«Қазір түрлі цифр аталады. «Назарбаев пен оның айналасындағыларда 200 млрд доллар жатыр» деген әңгіме жиі айтылады. Президент Тоқаевтың өзі «заңсыз жолмен алынған қаражатты қайтарсын» деп тапсырма берді.
Ал ондай қаражат ең алдымен Назарбаевтың қолында екені белгілі. Бірақ әзірге ештеңе қайтарылған жоқ. Мәселе ақшада ғана емес. Назарбаев билікте болған 30 жылда істеген жақсылығы мен жамандығының бәріне ашық баға берілуі тиіс.
Оны тек заң шығарушы орган Парламент бере алады. Парламент Назарбаевқа әділ баға беру үшін депутаттар арасынан арнайы жұмыс тобын құруы керек. Комиссияға сот жүйесі, прокуратура, ҰҚК сияқты құқықтық органдар да араласқаны жөн. Сол топ Назарбаевпен бірге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар азаматтардың барлығын тексеріп, заңсыз мүлкін тәркілеуі тиіс. Бүгінде билікте Назарбаевтың бұрынғы кадрларының үлесі әлі де 70-80 пайыз шамасында. Егер жүйені заңмен нақтылап, ашықтықты қамтамасыз етсек, мәселе шешімін табады», – дейді Оразәлі Сәбден.
Сонымен бірге академик Назарбаев дәуіріндегі кемшіліктерге жеке адамдар ғана емес, тұтас жүйе кінәлі екенін айтты.
«Кейбіреулер қазір «Назарбаевты өзіміз асыра мақтап жібердік» деп жүр. Ол бос әңгіме. Негізгі мәселе жеке адамда емес, жүйеде. Бәрін бүлдірген осы жүйе», – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Оразалы Сәбден «Назарбаев ақылды адамдарды жанына жуытпады» деп мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







