Жуырда елге көлік әкелу тәртібіне өзгеріс енгені туралы ақпарат тарады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Ең бірінші мына екі нәрсені түсіндіргім келеді. Бұл ережелер бойынша елге көлік әкелу тәртібі 2015 жылдан бері қолданыста. Яғни ережеде ешқандай өзгеріс жоқ. Екіншіден, екі факт келтіре кетейін: 2023 жылы бір адам 793 көлік алған жағдайлар болды. 34 адам 100-ден аса көлік әкелген. Яғни, қарап отырсақ, олар кәсіпкерлікпен айналысады», — деді Шарлапаев Үкімет дәлізінде.
Шенеуніктің айтуынша, әңгіме қандай да бір шектеулер қою туралы болып отырған жоқ, заңды кәсіпкерлік қызметке қатысты болып отыр.
Министр азаматтар мұндай көп көлікті өзі мінуі үшін емес, қайта сату үшін әкелінетінін айтты.
Айта кетейік, жуырда Мемлекеттік кірістер комитеті көлік әкелу тәртібіне қатысты мәлімдеме жасады.
Соған сай 1 желтоқсаннан бастап заңды тұлғаларға көліктің типі мақұлданған жағдайда ғана көлік әкелуге рұқсат етілді.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үш жылдан асқан көліктерді көлік құралының конструкциясының қауіпсіздік сертификаты бойынша кез келген мөлшерде рәсімдей алады.
Қазақстандықтар жылына бір рет арнайы мөлшерлеме бойынша өздері мінуге арналған тауар ретінде ресімдеп, жаңа немесе пайдаланылған бір көлікті әкеле алады. Бұл электромобильдер, кейбір коммерциялық көліктер және мототехникаға қатысты емес.