Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кірісті. Ал теңге Трамптың ұлықтау рәсімінен кейін 21 қаңтардағы сауда-саттықта нығайды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
KASE Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 527,58 теңге болып, 2,36 теңгеге төмендеді. Айта кетейік, Ұлттық банктің 21 қаңтардағы ресми бағамы бір доллар үшін 529,99 теңге болды.
kurs.kz деректеріне сүйенсек, Алматының айырбас пункттерінде долларды сатып алудың орташа бағамы — 525,40 теңге, ал сатылымда 528,82 теңгеден. Астананың айырбас пункттерінде америкалық валютаны орта есеппен 524,40 теңгеден сатып алып, 529,65 теңгеден сатып жатыр.
Ал Ресейде доллар бағамы 27 желтоқсаннан бері алғаш рет 100 рубльден төмен түсті. Астана уақыты бойынша сағат 15:41-де доллар 99,90 рубль деңгейінде сатылды.
Айта кетейік, Дональд Трамп 20 қаңтарда инаугурация рәсімінде ант беріп, ресми түрде АҚШ президенті қызметіне кірісті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трампты құттықтады.
Еске салайық, 2024 жылы 5 қарашада Америка Құрама Штаттарында президент сайлауы өтті. Негізгі кандидаттар республикашылар атынан Дональд Трамп және демократтар атынан Камала Харрис болды. Бұл — елдің 47-ші президенті сайланатын 60-шы президенттік сайлау.
Трамп Вашингтон уақыты бойынша түнгі сағат екіде (Астана бойынша сағат 12:00-де) сайлаудың жеңімпазы деп жарияланды. Ол негізгі штаттың барлығында жеңіске жетті.