Wildberries қоймаларына жасалған дрон шабуылының жаңғырығы Қазақстанға да жетуі ықтимал. Ресейдегі мыңдаған кәсіпкердің тауарсыз, табыссыз әрі несиемен бетпе-бет қалуы рубльді әлсіретіп, теңгенің бағамы мен елдегі инфляцияға қосымша қысым түсіруі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пайымынша, ірі маркетплейс қоймаларындағы тауар қорының жойылуы жекелеген сатушының шығыны болып қалмайды. Көп кәсіпкер өнімді несиеге сатып алғандықтан, сақтандыру төлемі мен өтемақы мәселесі шешілмесе, төлем қабілетсіздігі жаппай сипат алуы мүмкін.
«Ресейдегі ең ірі маркетплейс қоймаларының жойылуынан келген залал қомақты қаржы салған, кей жағдайда тұтас кәсібінен бір сәтте айырылған көптеген кәсіпкердің мүддесіне тиіп отыр. Олардың арасында автонесие, ипотека және айналым қаражатына арналған қарызы барлар аз емес. Мұның соңы төлем дағдарысына және жаппай банкроттыққа ұласуы ықтимал», – деді Талғат Қалиев.
Сарапшы Wildberries-тің әлдеқашан қарапайым сауда алаңының шеңберінен шығып, қаржы айналымына ықпал ететін ірі жүйеге айналғанына назар аударды. Сондықтан қоймалардың істен шығуы сатушылар мен сатып алушыларға ғана емес, банктерге, жеткізушілерге және логистика саласына да салмақ түсіреді.
Қойма қуатының бір бөлігін Қазақстанға көшіру шығынның орнын толық толтыра алмайды. Қалиевтің ойынша, тауарынан айырылған кәсіпкерлердің сенімін қалпына келтіру одан да қиын болмақ.
Саясаттанушы оқиғаның келесі соққысы рубльге тиюі мүмкін деп есептейді. Ресей валютасы әлсіресе, Қазақстан тағы да ескі таңдаудың алдында қалады: теңгені бірге төмен жіберу немесе бағамды ұстап тұру үшін Ұлттық банктің валюта қорын жұмсау.
«Мұндай ахуал рубльдің құнсыздануын іс жүзінде болмай қоймайтын жағдайға айналдырады. Ұлттық валютасы ондаған жыл бойы ресейлік рубльдің соңынан еріп келе жатқан Қазақстан үшін тағы да екіұдай таңдау туады: теңгені девальвациялап, импорт бағасының өсуіне жол беру немесе валюта интервенциясы арқылы бағамды ұстап тұру», – деді сарапшы.
Теңге әлсіресе, шетелден келетін тауар қымбаттап, инфляцияның жаңа толқыны басталуы мүмкін. Ал бағам қолдан ұсталып тұрса, арзандаған ресейлік өнім қазақстандық өндірушілердің тынысын тарылтады.
Отандық кәсіпті қорғайтын шектеу енгізу де оңай емес. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы міндеттемелері Ресейден келетін тауарға тосқауыл қою мүмкіндігін тарылтады.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұған дейін Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдан қазақстандық кәсіпкерлер қанша шығынға ұшырағаны әзірге белгісіз екенін мәлімдеген. Министрлік компаниядан ресми мәлімет күтіп отыр. Соған қарамастан Wildberries-тің Астана мен Алматыда жаңа логистикалық орталық салу жоспары күшінде қалған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







