Депутат Ринат Зайытов әлемжеліде пікір жазғаны үшін сотталған азаматтарды амнистиямен босатуды ұсынды деп жазады Ertenmedia.kz.
Айтуынша, қазір депутаттардың алдында халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттыруға тарихи мүмкіндік туып тұр.
«Жұмыс тобында көптеген мәселені көтердік, ұсыныс жасадық. Бірақ өкінішке қарай, құзырлы органдар қолдаған жоқ. Мен бүгін нақты баптар мен адамдарды жеке-жеке атағым келмейді. Бірақ бір нәрсені баса айтуым керек Қазақстанда ықпалды парламент деген ұғым бар. Ықпалды парламент мықты президенттің де кепілі. Қазір парламенттің қолында еліміз бен президентіміздің халықаралық беделін көтеруге үлкен мүмкіндік тұр», – деді Зайытов.
Депутат әріптестерінен әсіресе ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы «Жалған ақпарат тарату» бойынша жауапқа тартылған азаматтарға қолдау білдіруді сұрады.
«Құрметті әріптестер, мен мас күйінде құқық бұзғандарды немесе басқа санаттағы адамдарды амнистиямен босатайық демеймін. Бірақ бізде әлеуметтік желіде пікір жазып, түрмеге түскен азаматтар бар. Сол азаматтарды амнистияға іліктіруге көмектесейікші. Баршаңыздан жалынып сұраймын, тым болмаса осы 274-бап бойынша жауапқа тартылған адамдарға кешірім жасайықшы» – деп депутат эмоциясын жасырмады.
Қазіргі таңда 274-бап журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында резонанс тудырып келеді. Соңғы жылдары осы баппен айыпталғандар арасында журналистер мен блогерлер саны көбейген.
Ринат Зайытов парламентке осы мәселеде ауызбіршілік танытып, қоғамда әділетсіздік құрбаны болған азаматтарға демеу көрсетуді өтінді. Оның пікірінше, бұл Қазақстанның демократиялық бет-бейнесін айқындап, халықаралық қауымдастық алдында елдің абыройын арттырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







