Ақтөбе соты «СНПС-Ақтөбемұнайгазды» монополияға қарсы заңды бұзғаны үшін жазалады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Агенттіктің мәліметінше, негізгі акционері Қытайдың CNPC корпорациясы болып табылатын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» серіктестеріне тиімсіз шарттарды мәжбүрлеп таңған.
Компания сұйытылған газ нарығында үстемдігін пайдаланып, отын төлемінің мерзімін негізсіз қысқартып отырған. Мәселен, газ жеткізілген соң төлемді бес жұмыс күнінде емес, үш күн ішінде талап етіп, бұл шарт орындалмаған жағдайда жеткізілімді тоқтатқан.
Бұған қоса компания цистерналарды газбен тек 85%-ға ғана толтыру талабын қойған, бұл өз кезегінде логистикалық қиындықтар туғызған.
«Компания техникалық мүмкіндігі бола тұра, автокөлік арқылы жеткізілетін сұйытылған газ өндірісін негізсіз шектеп, нарықтағы өзге ойыншылардың құқығын бұзған», – деп атап өтті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Нәтижесінде, сот «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» 36 млн 752,6 мың теңге айыппұл салды. Компания бұдан былай тәуліктік газ өндірісін 114 тоннаға дейін арттыруға міндеттелді.
Тамыз айында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» автоцистерналар арқылы нарыққа 3,5 мың тоннадан астам газ жөнелткен.
Айта кетейік, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» Ақтөбе облысындағы мұнай саласының негізгі кәсіпорындарының бірі.
Компания Қытайдың CNPC корпорациясына тиесілі және аймақтағы Жаңажол кен орнын игерумен айналысады.
Бұған дейін де компанияға қатысты монополияға қарсы агенттіктің бірнеше рет шағымы болған еді.