Ерболат Досаевтың Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалуы ел ішіндегі саяси элита теңгерімінің қайта қалыптасып жатқанын көрсететін айқын қадам. Бұл тағайындауды жай ғана кадрлық ротация деп сипаттау жеткіліксіз. Өйткені Досаев ұзақ жылдардан бері билік жүйесінің бел ортасында жүріп, қаржыдан бастап халықаралық саясатқа дейінгі кең ауқымды мәселелерде өз қолтаңбасын қалдырған шенді.
Досаевтың бұл тағайындауын бірнеше тұрғыдан талдауға болады. Біріншіден, Тоқаевтың командасында экономикалық блоктың күшейіп келе жатқаны анық байқалады. Инфляцияны ауыздықтау, ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтау, шетелдік инвестицияларды тарту – қазіргі билік алдындағы ең басты міндеттердің бірі.
Осы тұста банктік секторда, Ұлттық банкте, халықаралық қаржы институттарында жұмыс істеген Досаевтың тәжірибесі мемлекетке ауадай қажет.
Ол кезінде Ұлттық банк төрағасы болғанда қатаң ақша-несие саясатын жүргізген, ал Еуразиялық даму банкін басқарған жылдары халықаралық аренада бедел жинағанын да білеміз. Бұл тәжірибе қазір Қазақстан үшін аса құнды.
Екіншіден, бұл қадам оның саяси амбициясын қайта оятуы мүмкін. Президент Әкімшілігі – билік пирамидасының ең ықпалды тетігі, әрі болашақтағы үлкен мансапқа жол ашатын тұғыр. Досаевтың есімі алдағы саяси транзит кезеңінде премьер-министрлікке немесе тағы да жоғары лауазымдарға үміткер ретінде атала бастау ықтимал. Қалай десек те, оның саясат сахнасына қайта оралуы кездейсоқ емес.
Әдетті оны ұлттық-популистік бағыттағы саясаткерлер мен сарапшылар «олигархтарға жақын», «халықпен байланысы аз» деп сынға алады. Кейбіреулер оны «ескі гвардияның» өкілі ретінде қабылдап, қоғамда жаңару процесіне кедергі келтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Дегенмен Досаевты қолдайтын топтар да жоқ емес. Ірі қаржы-өнеркәсіптік топтардың, сондай-ақ президентке жақын реформаторлық қанаттың қолдауына ие болуы ықтимал. Бұл оның саяси салмағын арттыра түседі.
Досаевты Назарбаев дәуірінің кадры деп біржақты бағалау да қате болар еді. Ол «жас түркілермен» де, ескі элита өкілдерімен де жұмыс істей алатын, ара ағайындық байланысы бар саясаткер.
Досаевтың «көлеңкелі ойындарға» көп араласпағаны, әрдайым кәсіби технократ ретінде әрекет еткені байқалады. Бұл қыры оны өзгелерден ерекшелейді. Қаржы саласында қалыптасқан тәртіпті ұстануы, халықаралық әріптестер алдында қалыптасқан оң бейнесі, ел ішіндегі қатаң шешімдері – бәрі оның саяси траекториясын айқындап берді.
Алматыдағы қызметінен кейінгі бұл тағайындау – оның қайтадан үлкен саясатқа бет бұрғанының дәлелі. Ол қала әкімі болып жүргенде де батыл шешімдер қабылдап, өз пікірін қорғауда тайсалмағанын білеміз.
Демек, қазіргі жаңа рөлі де оған «қолдаушы да, қарсылас та жинап беретін» кезеңнің бастамасы болмақ. Әзірге Досаевты Ақорда экономикалық блоктың тірегі ретінде пайдаланбақ. Бірақ болашақта оның есімі билік транзитінің маңызды ойыншысы ретінде жиі аталып қалуы да әбден мүмкін.
Нұрлан ЖҰМАХАН