АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға кіріп-шығатын санкцияға іліккен мұнай танкерлеріне қатысты «толық блокада» жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осылайша Трамп Николас Мадуро билігіне қысымды күшейтіп, елдің негізгі табыс көзі саналатын мұнай экспортын шектемек.
Трамптың сөзі Truth Social платформасында жарияланып, Венесуэла билігі мәлімдемені «дөрекі қауіп» деп бағалап, қабылдамайтынын айтты.
Дегенмен ең үлкен сұрақ ашық қалуда. «Блокада» нақты қалай орындалады.
Reuters дерегінше, әкімшілік санкцияланған кемелерді тоқтату үшін жағалау күзетін пайдалана ма, әлде өзге тәсіл таба ма, әзірге нақты жүйелі әрекет жоқ.
Бұған дейін АҚШ Венесуэла жағалауында санкцияланған танкерді ұстап, алып кеткені айтылған, сол оқиғадан кейін жүк тиелген кемелер тәуекелге бармай, Венесуэла маңында кідіріп қалған-ды.
Аймақтағы әскери қозғалыс та назар аудартпай қоймайды. Ақпарат көздері АҚШ тарапы өңірге мыңдаған әскери қызметкер мен он шақтыдай әскери кемені, оның ішінде әуе тасымалдаушы кемені жақындатқанын жазады. Бұл жағдай мұнай нарығына да әсер етіп, баға өсе бастаған.
Саяси тұрғыдан қарасақ, Вашингтон Венесуэлаға «қаржылық тұсау» салғысы келеді, ал Каракас мұны егемендікке қысым деп қабылдайтыны белгілі.

