Гренландияда наразылық бұрқ етті. Трамптың аралға қатысты талабына жергілікті халық ашық қарсылық білдіріп, көшеге шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемдегі ең ірі аралдың егемендігі туралы мәселе Дөкең, Доналд Трамптың Гренландияны Америка құрамына қосу туралы мәлімдемесінен кейін қайта ушықты. Тұрғындар бұған бірден жауап қатып, Гренландия астанасы Нуукте мыңдаған адам алаңға шықты. Акцияға қатысушылар саны ұйымдастырушылар күткеннен әлдеқайда көп болды.
Халық аралдың тәуелсіздігін қорғап ұрандатты, ұлттық әндер орындады. Наразылық шарасына жергілікті үкімет мүшелері мен саяси партия өкілдері де қосылған екен.
Гренландиядағы шерумен қатар, наразылық толқыны Дания астанасы мен елдің басқа өңірлеріне де жайылды. Көпенгәгеннің қақ орталығына жиналған халықтың қарасы 15 мыңға жуықтап, кейбіреу АҚШ елшілігінің алдына дейін барған.
«Дания кәролдігінің және Гренландия халқының өзін-өзі анықтау құқығын сыйлауды талап етеміз», – дейді осы тұста Inuit қозғалысының басшысы Кәмила Сизинг.
Батыс елдерінің бас ауруы
Ақ үйдің құбылмалы мінезі Еуропа елдерін де алаңдатып отыр. Politico басылымының жазуынша, Доналд Трамптың Гренландияға қатысты мәлімдемелері Украиндағы соғыстың фокусын әлсіретіп, елдің назарын хайп тақырыпқа бұруда.
Наразылық қызған тұста Дания әскері мен Еуроодақтың аралға арнайы келген 40 сарбазы Гренландияда бірлескен оқу-жаттығу өткізуге кірісіп кетті.
Аралды сатып алу келісімі жасалғанша Трамп 8 еуропалық мемлекеттен тасымалданатын тауарға 10 пайыздық баж салығын енгізгенін мәлімдеді. Бұлардың қатарына Дания, Германия, Франция және Ұлыбритания да енген. Айтуынша, егер жазға дейін келісімге қол қойылмаса, салық мөлшерлемесі 25 пайызға дейін өсуі мүмкін.
Әлгіден кейін Брүсселде Еуроодақ елшілерінің шұғыл отырысы өтетін болды. Гренландия мен Батыс елдері шиеленісті одан әрі өршітпеу үшін дипломатиялық шешім іздеп отыр.
Жер-дүниені дүрліктіріп жатқан Трамптың президент Тоқаевпен ара-қатынасы түзу. Ақ үй басшысы Қазақстан президентін Майамиде өтетін маңызды кездесуге шақырған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

