Былтыр 16 мыңнан аса қандасымыз атажұртына оралыпты. Осылайша 1991 жылдан бері елге келген қандастың жалпы саны 1 миллион 164 мыңнан асты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбекмин дерегінше қандастың басым бөлігі екі елден Өзбекстан мен Қытайдан оралған. Екеуінің де үлесі шамалас 44 пайыздың төңірегінде. Бұдан бөлек, Түрікменстаннан 4 пайыз, Моңғолиядан 3 пайыз, Ресейден 2,5 пайыз, өзге елдерден 1,9 пайыз қандас ат басын туған жерге бұрған.
Қандастардың әлеуметтік портреті қандай?
Қазақстанға келген қандастың жартысынан көбі (57,4 пайыз) еңбекке жарамды жаста. Ал 34 пайызы кәмелет жасына толмағандар, зейнет жасындағылар 8,6 пайыз. Білім деңгейіне келсек, еңбекке жарамды қандастарымыздың 15 пайызы жоғары білімді, 27,5 пайызы орта арнайы білім алған, 51,2 пайызы жалпы орта білімді.
Ағайындар қай өңірге көбірек қоныстануда?
Еңбекмин осы ретте жұмыс күші тапшы деп санайтын аймақтарға басымдық беріп отыр екен. Соның ішінде солтүстік өңірлерге айрықша екпін берілген. Қызылжар, Кереку, Қостанай және ШҚО-ны шеттен келген бауырларымыз толтырып жатыр.
2025 жылы осы аймақтарға 2309 қандас орналастырылған, бұл белгіленген квотаға толық сәйкес келеді. Олардың жаңа ортаға тез бейімделуі үшін мемлекет бір реттік және тұрақты көмек беруде.
- Бір реттік жәрдемақы отбасының әрбір мүшесіне – 70 АЕК (275,2 мың теңге);
- Тұрғын үй мен коммуналдық шығындарды өтеуге ай сайын бір жыл бойы – 15-30 АЕК (59-118 мың теңге).
2025 жылы осындай қолдауды 1834 қандас алып, соның 428-і тұрақты жұмысқа орналасқан.
Үкімет тарапынан не істеліп жатыр?
Қандастардың өмір сүру сапасын көтеру мақсатында былтырдан бастап тың жоба іске қосылыпты. Атажұртына оралған қауымды теріскей өңірлерге шақырып, жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге жеңілдіктер берілмек. Оған қоса, қандастардың баспана салуына арналған «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» енгізілген.
2025 жылы 586 отбасы осы сертификатқа ие болған. Биылдан бастап сертификаттың көлемі 1625 АЕК-ке дейін өсіп отыр.
Қорыта келгенде, қандастарымыздың тарихи Отанына оралу үрдісі тоқтаған жоқ. Бізге жеткен мәлімет бойынша Бектенов үкіметі теріскейді қазақтандыруға екпін бермекші. Биыл солтүстікке көшу науқаны қарқын ала түседі.
Ал, Құмар Ақсақалов басқаратын Қостанайдағы жағдай көңіл көншітпейді. Аймақ басшылығы өңірге орныққысы келетін қазақтілді қауымға қолайлы орта құрудың тетіктерін әзірлемеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

