Қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабыров Ресейге кіруіне салынған 50 жылдық тыйымға қатысты алғаш рет пікір білдірді. Әзілкеш желіде жазба қалдырып, мәселені заңгерлер егжей-тегжейлі қарастырып жатқанын жеткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Артистің айтуынша, дәл қазір жағдайға байланысты түсініктеме берудің қажеті шамалы. Болған жайттың ақ-қарасын уақыт көрсетеді дейді ол. Сондай-ақ, Сабыров өнер жолының Екатеринбұрде басталып, Мәскеуде жалғасқанын еске алып, өзін қолдаған көрермендерге алғысын айтты.
«Қай қалаға барсам да, мені жылы қабылдады. Шығармашылығымды дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік берген елге ризамын. Ресейде ғана емес, одан тыс жерлерде де маған сенім білдірген үлкен әрі көпұлтты аудиториям бар», – деп жазды комик өз парақшасында.
Жазбасының соңында Нұрлан Сабыров журналистер мен блогерлерден отбасының жеке өмірін құрметтеуді өтінді. Әсіресе, әйелі мен балаларының, ата-анасы мен жақындарының мазасын алмауды сұрады.
Еске сала кетейік, Нұрлан Сабыровқа Ресей аумағына кіруге 50 жылдық шектеу қойылғаны 6 ақпан күні белгілі болған еді. Сол күні Мәскеудің Внуково әуежайында Дубайдан келген бетте ұсталып, елге кіргізілмеді. Ресей билігі бұл шешімді ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғау мақсатында қабылдағанын мәлімдеді.
Комик 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруін сынағаны және миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін айыпталған.
Қазақстан Сыртқы істері Сабыровтың Ресейдегі Қазақстан елшілігіне ешқандай өтініш жасамағанын және Ресей тарапынан оның ұсталғаны туралы ресми хабар түспегенін айтты. Сабыров Дубайға тегін депортацияланудан бас тартып, Қазақстанға билет сатып алған. 7 ақпан күні таңертең Алматыға ұшып келген.
Бізге жеткен мәлімет бойынша жақын күндері Кремль пропагандистері Сабыровқа жаппай жабылып, әзілкешті қаралау науқанын бастайды. Толығырақ телеграм арнамызға жариялаймыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

