Қазақстанда несие алаяқтығына қарсы жасалған арнайы механизм «Стоп-кредит» қызметін 5 миллионнан астам адам пайдаланып үлгерді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Бірінші несие бюросының» дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда 5,1 млн азамат өз атына несие рәсімдеуге алдын ала тыйым салған. Осы арқылы банктік және микроқаржылық ұйымдардың рұқсатсыз займ беруін тоқтатуға болады. «Стоп-кредит» – мемлекеттік қызмет, ол eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Бір ерекшелігі, қойылған тыйымды тек азаматтың өзі ғана алып тастай алады.
Қызметтің басты артықшылығы салдармен күреспей, алаяқтықты алдын ала болдырмауында. Яғни, адамның атынан заңсыз рәсімделген несие үшін жауаптасудың орнына, ондай несиенің берілуін мүлде шектеуге мүмкіндік береді.
Қызмет қосылғаннан кейін…
Ақпарат несие тарихына енгізіліп, кез келген қаржы ұйымы жаңа несие беру туралы өтінімді автоматты түрде кері қайтаруға міндетті. Мұндай механизм классикалық алаяқтықтан бөлек, «ақшаңызды құтқарамыз» немесе «қауіпсіздік тексерісі» секілді психологиялық қысым арқылы несие алдыру әрекеттеріне де тосқауыл қояды.
«Стоп-кредитті» іске қосу өте жеңіл: eGov Mobile қосымшасы немесе eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Банктік займдар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдап, өтінімді ЭЦҚ арқылы бекіту қажет. Нәтижесі жеке кабинетке түседі, тыйымды сол бөлім арқылы қайта алып тастауға болады.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Стоп-кредиттің» маңызын арттырған қосымша норма енгізілді. Егер тыйым салынған кезеңде адамның атына заңсыз несие рәсімделсе, ол қарызды азамат емес, банк немесе микроқаржы ұйымы өзі өтеуге міндетті. Осы арқылы қызмет тек ресми тыйым емес, толыққанды қаржылық-құқықтық қорғау құралына айналды.
Дегенмен…
Қызметтің танымал болуымен бірге алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Қаскөйлер азаматтарға банк немесе қауіпсіздік қызметі атынан қоңырау шалып, несие рәсімделіп жатқанын айтып, оны тоқтату үшін жедел түрде сілтеме жіберуге тырысады. Бірақ бұл сілтемелер адамдардың жеке деректерін, банк реквизиттерін ұрлайтын фишингтік сайттар.
Ескерту: «Стоп-кредит» қызметін қосу немесе алып тастау тек eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы ғана жүзеге асады. Банктер әлгі қызметті іске қосуға ешқашан бөгде сілтеме жібермейді.
Айта кетелік, бұған дейін депутаттар Базарбек пен Әбенов тандемі халықты банк алаяқтарынан қорғайтын жаңа ереже әзірлеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







