Қазақстанда 19 наурыздан бастап тұтынушылық несие рәсімдеу тәртібі қатаңдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді банктер қашықтан қарыз рәсімдеген кезде міндетті түрде биометриялық аутентификация жүргізуге тиіс. Ал 150 АЕК-тен асатын несиені толықтай онлайн жолмен беру тоқтатылды.
Жаңа талапқа сай, мұндай көлемдегі қарызды алу үшін клиент банк бөлімшесіне өзі баруы керек. Қазіргі есеппен 150 АЕК шамамен 648,7 мың теңгеге тең.
Елеулі өзгерістің бірі қарыз алушының бұрынғы берешегіне қатысты
Енді өзге несие немесе микрокредит бойынша 30 күннен асқан кешіктірілген төлемі бар адамға жаңа тұтынушылық несие беруге тыйым салынады. Тек қайта қаржыландыру жағдайында ғана ерекшелік қарастырылған. Яғни жаңа қарыз бұрынғы берешек шартын жеңілдетуге, мөлшерлемені түсіруге немесе ай сайынғы төлемді азайтуға бағытталса, рәсімделуі мүмкін.
Тағы бір жаңалық — міндетті «салқындау кезеңі». Банк өтінімді мақұлдаған күннің өзінде ақшаны бірден аудара алмайды. Қаржы ұйымы кемінде 24 сағат күтуге міндетті. Содан кейін қарыз алушы несие алуға келісімін қайта растауы керек.
Алайда мұндай талап барлық жағдайда бірдей қолданылмайды. Мәселен, ақша тікелей тауар не қызмет сатушыға аударылса, сол банктегі бұрынғы қарызды жабуға жұмсалса, салық пен айыппұл төлеуге бағытталса немесе 150 АЕК шегіндегі кредит картасы пайдаланылса, 24 сағаттық кідіріс енгізілмейді.
Жаңа ереженің тағы бір ерекшелігі
Жаңа ереже алаяқтық жолмен рәсімделетін несиелерге қарсы қорғанысты да күшейтеді. Егер сот шешімімен қарызды алаяқтар рәсімдегені дәлелденсе, банк сол берешекті есептен шығаруға міндетті. Бұған қоса, бұған дейін ұсталған қаражатты қайтару шарасы да қарастырылған.
Мұндай норма, әсіресе, қарыз алушының жеке дерегі заңсыз пайдаланылғаны немесе банктің биометриялық тексеру мен антифрод рәсімдерінде заң бұзғаны анықталған жағдайда қолданылады.
19 наурыздан бастап ағымдағы шоттар бойынша сыйақыға да шектеу енгізілді. Енді оның көлемі 1 пайыздан аспауы керек және тек шартта көрсетілген талаптар аясында ғана есептеледі.
Банк секторына түсетін салық жүктемесі де биыл күшейген. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бері Қазақстанда қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілді. Соның салдарынан бірқатар банктік комиссиялық қызмет ҚҚС-пен қамтылды. Кей банк клиенттерге кей операция құнының өзгергенін де хабарлай бастады.
Айта кетелік, осынау өзгерістерге депутаттар Әбенов-Базарбек тандемінің әрекеті түрткі болған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







