АҚШ Мемлекеттік департаменті Батыс жартышардағы Америка мүддесіне қарсы жұмыс істейтін күштерді қолдайтын ел азаматтарына виза беру шектелетінін жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомство бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде жаңа саясат аясында 26 адамның визасы қайтарылып алынғанын хабарлады. Алайда сол тұлғалардың аты-жөні ашық көрсетілмеді. Ресми түсіндіруде шектеу АҚШ қарсыластарына саналы түрде жетекшілік ететін, рұқсат беретін, қаржыландыратын немесе елеулі қолдау көрсететін адамдарға қолданылатыны айтылған.
Донро доктринасы
Вашингтон мұндай қолдауға дұшпан державаларға стратегиялық актив пен негізгі ресурсты бақылауға мүмкіндік беру, аймақтық қауіпсіздікке нұқсан келтіру, Американың экономикалық мүддесін әлсірету және өңір елдерінің егемендігі мен тұрақтылығына қарсы ықпал операциясын жүргізу секілді әрекеттерді жатқызады.
Мәлімдеме Дональд Трамптың екінші мерзіміндегі Батыс жартышарға ықпалын күшейту бағытымен қатар жарияланды. Материалда Ақ үй осы ұстанымды «Донро доктринасы» деп атайтыны жазылған. Ол XIX ғасырдағы Монро доктринасының жаңаша нұсқасы ретінде сипатталады.
Екінші мерзім басталғалы Трамп әкімшілігі Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы есірткі айналымына қарсы күресте қатаң саясат ұстанып, талап орындалмаса экономикалық санкция мен әскери қысым қолдану мүмкіндігін де алға тартқаны айтылған.
Сонымен бірге Вашингтон Латын Америкасындағы Қытай ықпалының күшеюін тежеуге ұмтылып отыр деген тұжырым беріледі.
Соған қарамастан, жарияланған мәтінде жаңа визалық саясаттың формулировкасы әдейі кең әрі бұлдыр екені көрсетілген. Қытай да, наркокартельдерге қарсы науқан да құжатта тікелей аталған жоқ.
Материалда Трамп әкімшілігі соңғы кезеңде шетелдік сыншы мен саяси қарсыласқа виза қысымын жиі қолдана бастағаны да сөз болады. Былтыр Ақ үй пропалестиналық наразылық акциясына қатысқан кей тұлғаның визасын жоюға тырысқан. Уәж ретінде олардың АҚШ сыртқы саясатына елеулі теріс салдар әкелуі мүмкін деген құқықтық норма пайдаланылған.
Сол мақсатта Иммиграция және азаматтық туралы заңдағы өкілет қайта қозғалған. Аталған бапқа сай, егер мемлекеттік хатшы шетел азаматының елге келуі Америка үшін «елеулі қолайсыз сыртқы саяси салдарға» әкелуі мүмкін деп санаса, оған шектеу қоюға болады.
Жарияланған материалда әкімшілік кейін кейбір адамға қатысты депортация талабынынан бас тартқаны да айтылады. Соған қарамастан Махмуд Халил мен Бадар Хан Сури секілді тұлғалар әлі де елден шығарылу қаупімен бетпе-бет отыр деген мәлімет келтірілген.
Вашингтон қарсыластарын визамен жазаламақ
Соңғы уақытта Вашингтон Иран үкіметімен туыстық байланысы бар немесе 1979 жылғы Иран революциясына қатысы болды деп танылған кемінде жеті адамның иммиграциялық визасын жойғаны да аталған.
Латын Америкасында да саяси қайшылыққа байланысты виза қайтарып алу мысалы болғаны жазылған. Шілде айында Бразилияның бұрынғы оңшыл президенті Жаир Болсонаруға қатысты қылмыстық қудалауға араласқан шенеуніктердің визасы жойылған. Сол тізімге Бразилия Жоғарғы сотының судьясы Алешандри де Мораес та кірген. Ол оңшыл топтың тұрақты сынына жиі ұшырайтын тұлға ретінде сипатталады.
Латын Америкасындағы шиеленіс
Қыркүйекте Трамп әкімшілігі Колумбия президенті Густаво Петроның да визасын қайтарып алғаны айтылады. Бұған оның БҰҰ Бас Ассамблеясында АҚШ саясатын ашық сынап сөйлеген сөзі себеп болғаны көрсетілген. Сол кезде Мемлекеттік департамент Петроны «ойланбай жасалған әрі арандатушы әрекетке» барды деп айыптаған. Кейін, ақпанда, Ақ үй оны Трамппен арадағы шиеленісті жұмсарту әрекеті аясында Вашингтонға шақырған.
Жалпы мәтінде визалық шектеу Трамптың шетелдік топқа қысым жасау және АҚШ-қа иммиграцияны тежеу бағытының бір бөлігі ретінде сипатталады. Биыл әкімшілік ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік қызметке түсетін салмақты алға тартып, ондаған елге иммиграциялық виза шектеуін енгізгені де еске салынған.
Сол материалда Трамп Латын Америкасындағы өзіне қарсы деп есептелетін үкіметтерге қатысты одан да қатаң, тіпті әскери реңкі басым риторикаға ойысқаны айтылған. Ол Батыс жартышарды АҚШ-тың «көршілес кеңістігі» ретінде қарайтыны көрсетілген.
Мәтінде қаңтар айында АҚШ Венесуэлаға қарсы операция бастағаны, оның соңы Николас Мадуроға қатысты күштік сценариймен ұласқаны және Кубаға қарсы отын блокадасы жүргені туралы ауыр айыптаулар да келтірілген. Сондай-ақ қыркүйектен бері әкімшілік Тынық мұхитының шығыс бөлігі мен Кариб теңізінде есірткі тасымалдады деп күдікке ілінген кемелерге қарсы кемінде 51 соққы жасағаны, соның салдарынан кемінде 177 адам қаза тапқаны жөнінде дерек беріледі. Құқық қорғау ұйымдары аталған шабуылдарды соттан тыс өлтіру ретінде бағалағаны айтылады.
Ақ үй мен оған қарасты құрылымдар өз кезегінде бірнеше наркокартельді «шетелдік террористік ұйым» деп танып, олар АҚШ-ты есірткі саудасы арқылы тұрақсыздандыруға ұмтылады деген ұстаным айтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







