Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінде қаржы екі есеге ұлғайғанымен, нәтиже көңіл көншітпей отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Қаскин Мәжілістегі Үкімет сағатында жоғары білім беру саласындағы өткір мәселелерді жариялады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда сала бюджеті 246 миллиардтан 472 миллиард теңгеге жетіп, студент саны 625 мыңға артқан. Алайда қаржы көбейгенімен, білім сапасы, ашықтығы мен нәтижесі сол деңгейде өспеген.
Сала дамуының нақты стратегиясы жоқ. Соңғы жылдары қабылданған 7 стратегиялық құжаттың көбі мерзімінен бұрын аяқталған. Ал QS рейтингінде 3 университетті үздік 200-дікке кіргізу мақсаты жұмсартылып, 11 университетті 700 үздік арасына қосу көзделгенімен, іс жүзінде олардың саны 9-дан 6-ға азайған.
Түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша жоспарланған көрсеткіш те 73-75%-дан 40-41%-ға дейін төмендетілген. Министрлік жоспарына бекітілген 11 индикатордың 8-і мүлде кірмеген.
Мемлекеттік бақылау мен цифрлық жүйе әлсіз күйде қалып отыр. Ведомстволық академияларды тексеру кезінде студенттердің кәсіби біліктілігі қаралмаған, негізгі ақпарат жүйелері біріктірілмеген, көп дерек қолмен енгізілген. Соның кесірінен шетелдік университеттен ауысу арқылы ҰБТ талаптарын айналып өту жағдайы орын алған.
Бұдан бөлек…
Аккредитация жүйесі формалды түрде жұмыс істейді. Оқу орындарының ішкі ресурстары мен процестері бағалаудың 80%-ын алса, жұмыс берушілер пікірі мен түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші тек 5%-ға бағаланған.
2022 жылы экономика үшін маңызды инженерлік және IT мамандықтарына бөлінген 9 мың гранттың сұраныс таппағаны анықталды. Жыл сайын 20 мың IT маманы шықса да, соның тек 30%-ы мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.
Мемлекеттік тапсырысты басқаруда да үлкен кемшіліктер бар. 2023–2024 жылдары грант қаражатының тек 40%-ы ғана оператор арқылы өтіп, қалғаны бақылаусыз қалған. Тіпті жұмыспен қамту көрсеткіші белгіленген межеден төмен 67 университетке 246 грант бөлінгені белгілі болды.
24 мың студент оқудан шығарылып, оларға жұмсалған 19,6 миллиард теңгенің қайтарымы жоқ. Магистратураға түсіп, кейін шығып кету арқылы міндетті жұмыстан жалтару жағдайы көбейген. Мұндағы шығын көлемі 10,8 миллиард теңгеге бағаланған.
Жатақхана тапшылығы да күрделі мәселе
2024–2025 оқу жылына орын жетіспеушілігі 10 мыңнан асады, ал министрлік пен оператор деректерінде айырмашылық 31 мың орынды құрап отыр. ЕҰУ мен ҚазҰУ жатақханамен қамтылу көрсеткіштері 70% межесінен төмен болса да, әкімшілік автокөлік сатып алуға 133 миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған.
«Болашақ» бағдарламасы да қателіктерге толы. 340 үміткерге жалпы сомасы 7,7 миллиард теңге болатын стипендия жалпы критерийлерге сай емес жағдайда тағайындалған. Тіпті жасанды интеллект бағытына жоспарланған 54 стипендияның тек бесеуі ғана бөлініп, қалғаны басқа салаға кеткен.
Оқытушылар мен студенттердің пікірінше, оқу бағдарламалары ескірген, инфрақұрылым заман талабына сай келмейді, ал оқытушылардың 46%-ы жалақыны төмен деп бағалаған.
Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы бойынша, Саясат Нұрбек басқаратын сала нәтижені емес, процесті ғана қаржыландырып отыр. Айта кетелік, бүгінгі жиында Асхат Аймағамбетов те сөз алып, Ғылым және жоғары білім министрлігін оңдыртпай сынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







