Қазақстанда мектепті басқару жүйесіне қатысты жаңа дау бұрқ етті. Педагогтер аудандық білім бөлімін қайтадан әкімдіктерге бағындыру бастамасына қарсы петиция жариялады. Мұндай қадам мектепті ескі әкімшілік қысымға қайтаруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әңгіме мектеп пен балабақшаға бөлінетін қаржыны облыстық деңгейден аудандық деңгейге түсіру туралы болып отыр. Бастаманы қолдаушылар мұндай өзгеріс бюрократияны азайтады, жөндеу, жабдықтау және жедел мәселелерді жергілікті жерде тез шешуге мүмкіндік береді деп санайды.
Алайда педагогтер мұны жеңілдету емес, 2021 жылдан бері қалыптасқан кәсіби вертикальды басқару жүйесіне соққы деп қабылдап отыр. Реформа мектепті жергілікті шаруашылық және саяси ықпалдан алыстату үшін енгізілген еді.
Мұғалімдер неден қорқады
Петиция авторларының басты уәжі анық: мектеп «акиматқа» қайта тәуелді болса, мұғалімнің мойнына өз кәсібіне қатысы жоқ жұмыс қайта ілінуі мүмкін.
Сенбілік, көше тазалау, халық санағы, сайлау науқаны, түрлі әкімшілік тапсырма педагогтің негізгі міндетін ығыстырады.
Мұғалімдер мұндай тәжірибе мамандық беделін түсіріп, кадр тапшылығын одан әрі ушықтырады деп санайды. Ашық үндеуде бағалау кезінде қысым күшеюі мүмкін екені де айтылған. Әсіресе әкімдік қызметкерлерінің туысына баға қою, мектеп директорын таныстықпен тағайындау секілді қауіп бөлек көрсетілген.
Яғни мәселе тек қаржының қай деңгейде бөлінетіні туралы емес. Мұнда мектептің кімге есеп беретіні, мұғалімнің қаншалық еркін жұмыс істейтіні, директордың қандай қағидамен тағайындалатыны секілді терең сұрақ жатыр.
Реформа ма, әлде кері қайту ма
Мәжілісте талқыланып жатқан өзгеріс жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға енгізілетін түзету аясында қаралып отыр. Депутат Нартай Сәрсенғалиев мұндай қадам мектептегі жөндеу секілді шаруаның созылып кетуін азайтуға көмектеседі деген пікір білдірген. Сайыров мен Әбенов тандемі де осы ұстанымда.
Алайда педагогикалық орта қарсы уәж айтып отыр. Олардың ойынша, жеделдік керек деп мектепті қайтадан аудандық әкімшілікке тәуелді ету дұрыс шешім емес. Себебі білім саласы қысқа шаруашылық есеппен ғана өлшенбейді. Мұнда ұзақ мерзімді сапа, әділ басқару және бірыңғай стандарт маңызды.
Петиция авторлары бастама Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидаларына да қайшы келуі мүмкін деп санайды. Олардың айтуынша, білім жүйесі жергілікті саяси әрі шаруашылық қысымнан тәуелсіз болуы керек.
Өңірлер арасындағы алшақтық ұлғаюы мүмкін
Тағы бір қауіп бай және дотациялық аудан арасындағы айырма. Егер қаржы мен басқару аудан деңгейіне толық түссе, мүмкіндігі мол өңір мектебі алға шығып, қаржысы әлсіз аудан артта қалуы ықтимал.
Мұндай жағдайда бірыңғай білім кеңістігіне сызат түседі. Әр акимат стандартты өз мүмкіндігі мен өз түсінігіне қарай іске асыруы мүмкін. Ал мектептің сапасы баланың қай ауданда туғанына тәуелді болмауы тиіс.
Педагогтер «Жайлы мектеп» секілді ұлттық жобаның да жергілікті бюрократияға байланып қалуынан қауіптенеді. Қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау әлсіресе, инфрақұрылымдық жобаның өзі ескі жүйенің шырмауына түсуі ғажап емес.
Педагогтер Президентке жүгінді
Петиция авторлары Тоқаевтан даулы норманы қайта қарауға жіберуді сұрап отыр. Олар қазіргі кәсіби вертикальды басқару жүйесін сақтап, мұғалімді кәсібіне жат жұмысқа тартуға заң жүзінде толық тыйым салу қажет дейді.
Үндеу иелері 2021-2026 жылдар аралығындағы дерек арқылы облыстық тікелей бағыныстың тиімділігін дәлелдеуге дайын екенін мәлімдеді. Олардың ұстанымы бойынша, білім саласындағы кез келген ірі құрылымдық өзгеріс кең қоғамдық талқылаудан және тәуелсіз сараптамадан кейін ғана қабылдануы керек.
Дау бір ғана әкімшілік модельдің айналасында тұрған жоқ. Негізгі сұрақ әлдеқайда өткір: мектеп баланың білім алатын орны боп қала ма, әлде жергілікті биліктің саяси құралына айнала ма? Педагогтер дәл осы шекараның қайта бұзылуынан қауіптеніп отыр. Айта кетелік, бұған дейін депутат Аймағамбетов мұғалімдер сөзін қолдап, Мәжілістегі әріптестеріне қарсы шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







