Қазақстанда банктер клиенттерге деген бақылауды күшейтеді. Жаңа ережелер бойынша көптеген банк картасын пайдаланушылар, 25 жасқа дейінгі жастар, криптовалюта иелері және онлайн-казино әуесқойлары қаржы ұйымдарының жіті назарына ілінбек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген жаңа қаулы жобасы банк операцияларының кейбір түрлерін тәуекелді деп танып, олардың мониторингін күшейтуді көздейді.
Бұл жаңалық барлық азаматқа бірдей тыйым немесе шектеу қоймайды. Дегенмен кейбір клиенттер үшін қосымша құжат талап етіліп, олардың қаржылық әрекеттері мұқият тексерілуі мүмкін.
Банктердің ерекше назарына ең алдымен бірнеше банк картасын қолданатын тұлғалар ілігеді. Жаңа ережеге сәйкес, бір банкте бес және одан көп дебеттік картасы немесе әртүрлі банктерде оннан аса дебеттік картасы бар клиенттер күмәнді санатқа жатқызылады.
Мұндай жағдайларда банктер клиенттің ақшасының шығу тегін анықтап, оның есепшоттарындағы операцияларды терең зерттейді. Бұл талаптың енгізілу себебі – соңғы жылдары қаржы алаяқтары «дропперлерді», яғни басқа адамдардың карталары мен есепшоттарын заңсыз мақсатта жиі пайдалана бастады.
Бұған қоса, 14 пен 25 жас аралығындағы қазақстандықтардың есепшоттары ерекше бақыланады. Егер жас клиенттің шотынан үнемі тек жеке тұлғалар арасында аударымдар жүріп, басқа операциялар болмаған жағдайда немесе ұялы телефон нөмірлеріне үнемі ірі көлемдегі қаржы аударылса, банк бұл жағдайды күмәнді деп бағалауы мүмкін. Осы арқылы қаржы ұйымдары ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру және алаяқтық әрекеттердің алдын алмақ.
Сондай-ақ, банктерге заңсыз жұмыс істейтін электрондық казино мен букмекерлік сайттарға аударымдарды анықтап, оларды бұғаттау міндеттеледі. Әсіресе Қазақстанда лицензия алмаған шетелдік құмар ойындар сервистері мен букмекерлік кеңселердің жұмысына тосқауыл қойылады. Бұдан бөлек, 21 жасқа толмаған тұлғалардың құмар ойындарға ақша аударуына тікелей шектеу қойылмақ.
Криптовалюта бағыты бақылауда
Жаңа ережелердің бір бөлігі криптовалюта нарығындағы операцияларға да қатысты. Банктер Қазақстан Ұлттық банкі немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығының бақылауынан тыс криптовалюта алаңдарына жасалған аударымдарды қадағалап отырады.
Егер бір клиенттің криптовалютаға аударған сомасы 7 миллион теңгеден асатын болса, банктер қаржының шығу тегін растайтын құжаттарды сұрай алады. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар криптовалюта платформаларына банк жүйесі арқылы заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат беріледі.
Шетел азаматтары мен электронды резиденттерге есепшот ашу кезінде де қосымша тексеріс енгізіледі. Банктер клиенттің биометриялық деректерін алып, оның шот ашудағы мақсатын анықтап отыруға міндетті. Егер банк клиентті тәуекелі жоғары деп тапса, оның операциялары қатаң бақылауға алынады.
Жаңа ережелердің негізгі мақсаты – қаржы алаяқтығының, дропперлік схемалардың, заңсыз құмар ойындарының және күмәнді криптовалюта операцияларының алдын алу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







