Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Қазақстанда әйелді төмен санап, оны еркектің ырқына бағындыруды насихаттайтын теріс діни ағымдардың ықпалы қайта күшейіп келе жатқанын мәлімдеді. Оның пікірінше, отбасындағы зорлық-зомбылықты жеке адамның ашуымен түсіндіру жеткіліксіз. Қасіреттің тамырында әйелді адам емес, еркектің меншігі ретінде қабылдайтын қауіпті түсінік жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орынбек мұндай идеологияның салдары туралы 15 жылдан бері айтып келе жатқанын еске салды. Сол кезде теріс ағымдарға қарсы шыққаны үшін өзін «діннің дұшпаны» деп айыптағандардың енді әйелдердің басындағы қасіретке жауап беретін кезі келгенін айтты.
«Мен он бес жылдан бері күресіп келе жатқан теріс ағымдардың нәтижесін ұлтымыз енді көріп жатыр. Көздерің жетті ме? Қайдасыңдар, тек қыздардың шүберегімен, тек әйелдермен алысып жүрген “ағалар”?» — деп жазды заңгер.
Оның сөзінше, кезінде қоғамда сақал мен қысқа балақтың ұлтқа қандай зиян келтіретіні туралы сауал жиі қойылған. Енді сол уағыздармен тәрбиеленген кей ер адамның күші әйелге ғана жетіп отырғанын алға тартты.
«Тәрбиелеген жігіттеріңнің әлдері тек әйелдерге ғана жететінін дәлелдеп жатыр. Оларды әйелдермен алыстырып қойған сендер. Өліп жатқан әйелдердің бәріне сендер кінәлісіңдер. Қыз кезінде жайнап жүрген гүлдерді біртіндеп өлтіріп жатыр. Сәләфиттер мен уахабиттердің “еңбегі” осы», — деді Орынбек.
Заңгер қаза тапқан әйелдердің құқығын қорғаған тәжірибесіне сүйеніп, қоғам көріп отырған жантүршігерлік оқиғалар әлі «бер жағы» екенін ескертті. Оның пайымдауынша, әйелді еркектің нәпсісін қандыратын құрал ретінде сипаттайтын уағыздар адам өмірінің қадірін жояды. Мұндай дүниетанымға бой алдырған адам өзіне бағынбаған әйелді қорлауды, ұрып-соғуды, тіпті өлтіруді қалыпты жаза деп қабылдауы мүмкін.
«Тозақта әйелдер көп, ал жұмақта бізді қор қыздары күтеді деп бөсетіндер үшін әйел адам мал секілді. Ұнамады ма қорлайды, ұрсады, жазалайды. Тіпті бауыздап тастауға дейін барады. Бір еркектің ашуы әйелдің өмірінен қымбат болып кеткен елде өмір сүру қандай қорқынышты», — деді ол.
Орынбек Ұлттық қауіпсіздік комитетін теріс діни ағымдардың қайта бас көтеруіне назар аударуға шақырды.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оянамыз! Мен әйел адамның өмірі қорғалатын қауіпсіз елде өмір сүргім келеді», — деп мәлімдеді заңгер.
Оның айтуынша, сәләфилік және уахабистік көзқарасты насихаттаған адамдар қазір бетпердесін өзгертіп, қоғам алдына қайта шыға бастаған. Бұрынғы қатқыл уағыздарын бүркемелеп, енді «қазақ қыздарын аялау керек» деген сарында сөйлегенімен, олардың әйелге қатысты түпкі көзқарасы өзгерген жоқ деп есептейді.
«Мен олардың бұрынғы уағыздарын да, көзқарастарын да ұмытқан жоқпын. Бүгін әйелдеріміздің басынан өтіп жатқан қасіретке қарап ойланыңдар. Олар әйелді жойып қана қоймайды. Отбасын жояды. Отбасымен бірге ұлтты жояды», — деді Айгүл Орынбек.
Заңгер әйел қауіпсіздігін отбасының ішкі мәселесі санайтын көзқарастан арылуға шақырды. Өйткені анасы қорланған, ұрпағы үреймен өскен шаңырақтан қуатты қоғам қалыптаспайды. Сондықтан әйелдің өмірін қорғау бір жыныстың емес, тұтас елдің ертеңіне қатысты мәселе.
Контекст
Айта кетелік, бұған дейін Жамбыл облысының Меркі ауданында көз жұмған 19 жастағы Мәдина Рашидқызы 17 тамызда жер қойнына тапсырылды. Күйеуінен кетуге қамданып, жолға 15 мың теңге іздеген жас ананың артында сегіз айлық сәбиі қалды. Полиция оның өліміне байланысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Толығырақ осы тұста.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







