Президент Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі мен оның жаңадан жасақталған дербес аппараты туралы ережелерді бекітті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақорда таратқан ресми құжат жаңарған органның нақты міндеттерін шегелеп, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарына жүктелген өкілеттік шеңберін айқындады.
Төраға орынбасарының құзыреті: Киберқауіпсіздік, ЖИ және бақылау
Жаңа ережеге сәйкес, жақында Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалған Аида Балаеваның қызметтік жауапкершілігі нақтыланды.
Оның құзырына Тоқаевтың актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырыстарында қабылданған шешімнің мүлтіксіз әрі толық орындалуын қадағалау міндеті жүктелді.
Бұдан бөлек Балаеваның құзырына мынадай стратегиялық бағыттар кірді:
- Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, заң мен тәртіпті сақтау саласындағы меморгандар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіру;
- Ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану және дербес деректерді қорғау мәселесін қадағалау;
- Сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын реттеу;
- Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу салаларын бақылау;
- Халықаралық ынтымақтастық байланыстарын орнату және Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының қызметін ұйымдастыру.
Жаһандық қатерлерді талдау және аппараттың жаңа мәртебесі
Қауіпсіздік Кеңесі мен оның аппаратының негізгі міндеті ретінде жаһандық сын-қатерге, халықаралық геосаяси ахуалға және ел ішіндегі жағдайдың өзекті қырларына тұрақты әрі кешенді талдау жүргізу белгіленді.
Реформаланған Қауіпсіздік кеңесінің аппараты енді Президент әкімшілігінің құрылымына кірмейді. Ол өз алдына дербес мемлекеттік орган ретінде тікелей Президентке бағынады және есеп береді.
Аталған құрылымның басты мақсаты ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді басқару ісін күшейту, мемлекеттік басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету және Тоқаевтың шешімдерін сөзбұйдаға салынбай, дер кезінде орындалуына институционалдық қолдау көрсету.
Қауіпсіздік құрылымы толық қайта құрылды
Бүгінгі жарлық тамыздың соңында басталған Қауіпсіздік кеңесін түбегейлі қайта құру үдерісін заңдық тұрғыдан толық тиянақтады. Президент басқаратын алқалы орган бұрынғы кабинеттік үйлестіруден нақты бақылаушы әрі стратегиялық шешімдердің орындалуын қадағалайтын дербес орталыққа айналды.
Аппарат басшысы болып полиция генерал-майоры Мұрат Баймұқашев бекітілсе, оның орынбасарлары қатарына экс-қорғанмин Руслан Жақсылықов, аппараттық-құқықтық тексеру тәжірибесі мол Геннадий Зуев және Нұржан Қаджиақбаров енген-тін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







