Қазақстанда мемлекеттік грантпен оқыған түлектер оқуды аяқтаған соң міндетті еңбекпен өтеу талабын орындауы тиіс. Егер жас маман келісімшартта көрсетілген ережелерді сақтамаса, мемлекет оның оқуына кеткен қаражатты қайтаруды талап етеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Міндетті еңбекпен өтеу кімге және қалай қолданылады? Қазіргі тәртіп бойынша мемлекеттік грантпен білім алған бакалавриат, магистратура және докторантура түлектері мамандығына сай мекемеде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.
Қай жерде және қалай жұмыс істейді?
Түлектер өз мамандығы мен дайындығына сәйкес ұйымдарда жұмыс істейді. Мемлекеттік мекемелермен қатар, жеке компанияларда да жұмыс істеуге рұқсат етілген.
Арнайы категорияларға жататын педагог, дәрігер және ауыл шаруашылығы мамандары өз саласы бойынша жұмысқа орналасуы тиіс.
Өтеу мерзімі мен шарттары қандай?
Негізгі ереже бойынша өтеу мерзімі – 3 жыл. Бірақ кей мамандықтар мен квоталар үшін арнайы шарттар белгіленген:
- «Ауыл квотасымен» білім алған мұғалімдер, дәрігерлер, ветеринарлар мен аграрлық мамандар ауылдық жерде кемінде 3 жыл жұмыс істейді.
- «Серпін» бағдарламасының түлектері арнайы бекітілген өңірлерде кемі 2 жыл еңбек етеді, бірақ мекеменің меншік түрін өздері таңдай алады.
- Медицина мен педагогика мамандары – 3 жыл бойы денсаулық сақтау немесе білім беру мекемелерінде қызмет атқаруға міндетті.
- PhD докторанттар – мемлекеттік мекемелерде, білім, ғылым немесе денсаулық сақтау ұйымдарында 3 жыл жұмыс істейді.
- Басқа барлық мамандық иелері мемлекеттік не жеке меншік мекемелерде кем дегенде 3 жыл еңбек етеді.
Жұмысты қашан бастау керек?
Жас маман жұмысты оқу бітірген жылы бастауы тиіс. Әдетте түлектер 1 қыркүйектен кешікпей жұмысқа орналасуы керек. Егер оқу басқа уақытта аяқталса, диплом алғаннан кейін екі айдың ішінде жұмысты бастау міндеттелген.
Міндетті өтеуден кімдер босатылады?
Заң бойынша кейбір түлектерді міндетті еңбекпен өтеуден босату немесе мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылған:
- I–II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- Жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналар;
- Мүгедек баланы немесе I топ мүгедегін күтіп-бағатын адамдар;
- Отбасының тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ түлектер;
- Магистратура, докторантура немесе резидентурада оқыған кейбір топтар.
Осындай жағдайларда шешімдер арнайы комиссия тарапынан әр адамның жағдайына қарай жеке қабылданады.
Шарт орындалмаса не болады?
Егер түлек міндетті еңбекпен өтеу шарттарын орындамаса, мемлекет оның оқуына жұмсалған қаражатты қайтаруды талап етеді.
Жекелеген жағдайларда оқудың толық құнын қайтару міндеттелуі мүмкін. Қайтарылатын сома келісімшарт шарттары мен нақты жағдайға байланысты анықталады.
Айта кетелік, бұған дейін танымал депутат «Болашақ» бағдарламасын кем-кетігін жіпке тізген болатын. Депутаттың айтуынша, магистратурада оқитын әр стипендиатқа мемлекет орташа есеппен 60-150 мың доллар жұмсаса, докторантураға 200-250 мың доллар бөлінеді екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







