Экс-сенатор Уәлихан Қайсаров АҚШ-тың Мәскеу биржасына салған санкциясы Қазақстанға бәлендей әсер етпейтінін айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшының айтуынша, санкция жарияланған алғашқы күні доллар бағамы Ресейде 200 рубльге дейін күрт көтерілгенімен, артынша жағдай тұрақталған.
«Бұл дүрбелеңнің әсері еді. Қазір рубль бағамы қайта нығайды. Ресей санкция жағдайында өмір сүруге бейімделіп алғанын көрсетті. Оның экономикасы 5,5 триллион доллар көлеміндегі жалпы ішкі өніммен әлемде сегізінші орында тұр, ал Еуропа бойынша төртінші орында. Сондықтан санкцияның Ресей экономикасын тез арада құлдырата қоюы екіталай», – дейді Уәлихан Қайсаров Barys Media-ға берген сұхбатында.
Экономистің пайымдауынша, Ресей экономикасын әскери өнеркәсіп арқылы күшейтіп отыр.
«Әлемдік санкцияларға қарамастан, Ресейдегі қара металл өндірісі өсті. Өйткені қазір Ресей әскери өнеркәсібін дамытып, танк, қару-жарақ шығаруға күш салуда. Сондықтан алдағы бір-екі жылда Ресей экономикасы құлдырайды деген болжам күмәнді», – дейді сарапшы.
Санкциялардың қаупі қаншалықты?
Уәлихан Қайсаров осы санкциялардың Қазақстанға әсеріне де тоқталды.
«Санкциялар Қазақстан экономикасына айтарлықтай зиян тигізбейді. Біз арқылы Ресейдің жүргізетін саудасы өте шектеулі. Олар негізінен Қытай, Үндістан, Түркия бағытында белсенді. Ал Қазақстандағы доллар бағамы жаздың аяғына дейін 450-455 теңге шамасында тұрақталады деп болжап отырмын. Тіпті өссе де, 470 теңгеден аспайды», – деді ол.
Осыған дейін экономист Расул Рысмамбетов те Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға тікелей емес, тек жанама түрде әсер ететінін айтқан болатын. Оның пікірінше, рубльдің құнсыздануы қазақстандық азық-түлік өндірушілерге, әсіресе қант, сүт, астық нарығына әсер етуі ықтимал.

