Мемлекеттік органдардағы білікті мамандардың мардымсыз айлық пен шектен тыс жүктемеге шыдамай, жаппай жеке секторға немесе такси жүргізуге кетуі қоғамда өткір пікірталас туғызды. Мәжілістің экс-депутаты, Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Әбенов қатардағы қызметшілердің әлеуметтік жағдайы сыбайлас жемқорлыққа тікелей жол ашатынын ескертіп, мәселені шешу үшін Үкімет пен депутаттарға ресми ұсыныс жолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Салық инспекторынан такси жүргізушісіне дейін
Қоғам қайраткері жақында такси қызметін пайдалану кезінде бұрынғы мемлекеттік қызметкермен кездескенін жазды. Көлік тізгіндеген азамат кезінде салық органдарында қызмет еткен, қазір жеке көлігімен айына 800 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін таза табыс тауып жүргенін айтқан.
Бұрынғы инспектордың айтуынша, мемлекеттік мекемедегі 180-200 мың теңге көлеміндегі айлық отбасын асырауға мүлдем жетпеген. Оған қоса таңертеңнен түнге дейін созылатын тынымсыз жұмыс пен сенбі күнгі кезекшілік отбасындағы ұрыс-керіске себеп болған.
Қоғам қайраткері мемлекеттік органдардағы жағдайдың психологиялық қысымын бұрынғы салықшының сөзі арқылы жеткізді. Мемлекеттік қызметшілер жеке кәсіпорындарды тексеруге барғанда, бизнестегі мамандардың өздерінен 3-4 есе көп жалақы алатынын көріп, намыстанатыны жасырын емес.
«Біз тексеруге барғанда, алдымызда отырған жеке компания мамандарының жалақысы біздікінен 3-4 есе көп екенін көретінбіз. Олар біздің айлықты біліп, кейбіреулері аяп қарайды, енді біреулері «Ондай ақшаға қалай күн көресіңдер, пара алатын шығарсыңдар» деп күдіктенеді. Нарықта бизнес көп табыс тауып, ал оларды тексеретін мемлекеттік қызметкерлер әлдеқайда аз айлық алса, бұл болашақтағы сыбайлас жемқорлыққа тікелей жол ашады», – деп жазды Мұрат Әбенов.
Сотта миллиардтаған теңгені қорғайтын мамандардың кетуі
Қазіргі таңда тәжірибелі кадрлар жеке секторға кезегімен кетіп жатыр. Әсіресе сотта ірі алпауыт компаниялармен айтысып, мемлекет қазынасына миллиардтаған теңге қайтарған тәжірибелі заңгерлер мен салықшыларды бизнес өкілдері жоғары жалақы ұсынып, өздеріне тартып алуда.
Экс-депутаттың айтуынша, мемлекет мүддесін қорғайтын майталман мамандар кеткеннен кейін мемлекеттік органдар сотта дәрменсіз күй кешеді. Қалған тәжірибесіз қызметкерлер ірі корпорациялар жалдаған мықты адвокаттарға қарсы тұра алмай, тек ресми қағазды оқып берумен шектеледі.
«Соттан миллиард ұтсаң да айлығыңды қоспайды, ұтылсаң да сол 180 мың теңге… Сондықтан көбінде ынта, жанашырлық жоқ. Мемлекетшілдік көзқараспен қарасақ, біз қоғам мүддесі үшін адал қызмет жасаған, тәжірибесі мол, білікті мамандарымызды таксиге немесе жеке бизнеске беріп қойып, орнына тәжірибесіз кадрлармен және жемқорлық қаупімен бетпе-бет қала береміз», – деді қоғам қайраткері.
Мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілердің жағдайы
Мұрат Әбенов қатардағы қызметкерлер мен өзге бюджеттік салаларды салыстыра келе, әділетсіз теңсіздік қалыптасқанына назар аударды. Мәселен, ұстаздардың мәртебесі артып, олардың айлығы 250-350 мың теңгеге жетті. Оған қоса мұғалімдерге 1,5 ставкаға дейін сабақ алуға, сынып жетекшілігі, дәптер тексеру мен санаты үшін қосымша үстемеақы төленеді.
Ал мемлекеттік аппарат қызметкерлерінде мұндай икемділік жоқ. Олар заң бойынша бір ғана ставкамен жұмыс істейді, түнге дейін екі-үш адамның міндетін атқарса да, артық сағаттарына ешқандай үстеме төленбейді. Ең бастысы, оларға заңмен қосымша табыс табуға, тіпті бос уақытында заңды түрде такси жүргізуге де қатаң тыйым салынған.
Ресми статистикадағы «орташа жалақы 350-400 мың теңге» деген дерек те шындықты көрсетпейді. Себебі министрлер мен олардың орынбасарларының айлығы қатардағы қызметшілерден 8-10 есе жоғары, соның есебінен жалпы орташа көрсеткіш жасанды түрде өсіп көрінеді.
Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы ретінде ол орталық органдардағы жағдайды да сынға алды.
«Үш миллион бала мен 600 мың білім саласы қызметкерінің мәселесін шешіп жүрген тәжірибелі мамандар таңнан кешке дейін жүріп 200-300 мың ғана айлық алады. Жұмыс өтілі аз, жаңа ғана институт бітіріп келген мұғалімдермен бірдей. Әділетті мемлекетте адал қызмет бағалануы керек», – деп түйіндеді экс-депутат.
Мұрат Әбенов мемлекет тірегі саналатын білікті кадрларды сақтап қалу үшін Үкімет пен Құрылтайдағы депутаттар корпусына базалық жалақыны өсіру және әлеуметтік қорғау тетіктерін қайта қарау бойынша ресми ұсыныстар дайындап жатқанын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







