Eurasian Resources Group (ERG) төңірегіндегі алып-қашпа әңгіме қайта жанданды. Reuters агенттігінен «ERG-ны америкалық Джеймс Кэмерон есімді инвестор сатып алмақ» деген сөз тарап жатыр. Кемінде 5 млрд доллар ұсынып отыр деген жазбаны біздің де көзіміз шалып қалды. Сонда әлгі Джеймс кімнің сойылын соғып жүр?
ERG-нің қазіргі иесі Шухрат Ибрагимовтың соңғы жылдардағы әрекетіне қарасаң, бұл компанияны шетелдік алыптарға сатуды мүлде көздеп отырмағанын байқайсың. Ол алпауыт компанияны басқару тізгінін қолына алған күннен бастап-ақ Қазақстандағы металлургия мен тау-кен саласын ұлттың байлығы ретінде қарайтынын ашық айтып келеді.
Бұл жай сөз емес, ісінен көрініп тұр – өндірісті цифрландыру, кен орындарындағы еңбек қауіпсіздігін арттыру, жас мамандарды қолдау, жаңа жобаларға инвестиция салу… Бұл бағыттардың қай-қайсысы да ұлттық өнеркәсіптің келешегі үшін аса маңызды екенін білеміз.
Ал енді осы стратегиялық маңызы бар активті 5 млрд долларға бағалап, сатып алғысы келіп отырған Кэмеронның әрекеті түсініксіздеу. Сырттай қарасаң, ашық нарық, ұсыныс пен сұраныс заңы жұмыс істеп тұрғандай. Бірақ саяси тұрғыда қарасаң, бұл ұсыныстың артында жай ғана «инвесторлық қызығушылық» емес, ықпал ету, экономикалық бақылау орнатқысы келген әлдекімнің әрекеті тұрғандай…
ERG – бір ғана өндіріс орны емес. Бұл – Қазақстанның тау-кен, металлургия, логистика, энергия және әлеуметтік жобаларға қатысы бар алып құрылым. Бір мезетте 60 мыңнан астам адамға жұмыс беріп отырған ұйым. Сондықтан мұндай құрылымды шетелдіктерге өткізу жай ғана бизнес мәміле емес, ұлттық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселе деп есептейміз. Оның үстіне компанияда мемлекеттің үлесі бар екенін де ұмытпайық.
Осыған дейін «Тимур Турлов Еуразиялық банкты сатып алады» деген сөз де ел ішінде біраз шу тудырған еді. Шухрат Ибрагимов ол кезде де: «Банк сатылмайды» деп нақты жауап берген. Енді міне, бүгін Шухрат Ибрагимов тағы сол тақырыпқа қайта оралып, ешқандай американдық бизнесменге ERG компаниясының сатылмайтынын айтып, мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.
– ERG сату турасында ешқандай келіссөз болған емес. Болмайды да. Компания топ басшылығының бизнесті бұдан әрі де жүйелі әрі тұрақты түрде дамытуға мүдделі. Кәсіп жүргізудің бұрынғы тәртібінде ешқандай өзгеріс жоқ, – деп Шухрат Ибрагимов ERG Kazakhstan Telegram-арнасында ойын кесіп айтты. Бұдан кейін ERG баспасөз қызметі де 2024 жылдың соңында директорлар кеңесі өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және топ кәсіпорындарының жұмыс тиімділігін көтеруге бағытталған жаңа стратегияны бекіткенін атап өтті. Негізгі анық ақпарат осы.
Осы ретте бұл сұрақты қайта-қайта қоздату кімге пайдалы деген сұрақ туындайды. Оған айтар жауабымыз да бар. Қазақстаннан сырт аймақта жатып елдегі оқиғаларға дүрбі салатын Патох Шодиев пен оның айналасындағылар осы ақпаратты таратуы мүмкін. Олардың ескі Қазақстаннан қол үзгісі келмей, қазақтың байлығын сыртқа сыпырып әкетуге әлі де үміт артып жүргенін білеміз. Олардың көздегені – өндірісті емес, табысты жекешелендіру. Мұндай әрекетті бизнес деп айту қиын, бұл – отандық активтерді трансұлттық қаржылық құрылымдарға өткізу. Қарапайым тілмен айтсақ – қазақтың ырысын жатқа қолдан беру.
Бүгінгі Қазақстан – кешегі «сатамын-аламын» дейтін алыпсатарлардың елі емес. Қоғамдық пікір ояу. Экономикалық сауат артты. Қай компанияның қанша адамға жұмыс беріп отырғанын, қанша салық төлеп, қандай әлеуметтік жоба көтеріп жүргенін қоғам жақсы біледі.
Шетелдік инвестиция тарту мен ұлттық активтерді сатып жіберудің арасы жер мен көктей. Инвестор елге келіп, жаңа өндіріс ашуы керек, жаңа жұмыс орны құруы керек, салық төлеуі керек. Ал дайын дүниеге иелік ету – инвестиция емес, жай ғана алыпсатарлық. ERG-ні сатып алғысы келіп отырған инвестордың дәл не істегісі келіп отырғаны да осыны аңғартады.
Жұртты дүрліктірген Джеймс Кэмерон деген кім? Ол әлемдік тау-кен нарығында қандай беделге ие? Шынын айтқанда, бұл сұрақтарға әзірге нақты жауап жоқ. Керісінше, мұндай жел сөз Шодиевтердің құлаққа әдейі сыбырлап айтып, әңгіме қоздатып отырған әрекеті екені анық.
Алдағы уақытта ел ішінде де, сыртта да Қазақстанның табиғи байлығы – ұлттың болашағы деген ұстаным қалыптасуы керек. Сондықтан мемлекет бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс.
ERG – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялардың бірі. Ол көмір мен ферроқорытпа өндіріп қана қоймай, аймақтық жобаларға демеушілік көрсетіп келеді. Мектеп, аурухана, жол, ауызсу – бұның бәрі ERG қолдаған жобалардың нәтижесі. Ендеше бұл компанияның тағдыры – бір ғана кәсіпкердің немесе бірнеше бизнесменнің шешетін мәселесі емес. Бұл – ұлттық деңгейдегі мәселе.
Егер шетелдік компания сатып алса, бірінші кезекте әлеуметтік жауапкершілік әлсірейді. Себебі сырттан келген инвестордың басты мақсаты – дивиденд. Ал әлеуметтік жоба, ел ішіндегі тұрақтылық, өңірлік даму, жергілікті мамандарды оқыту – олардың міндеті емес, артық салмақ ретінде қаралады.
Жаңа Қазақстан идеясы – отандық бизнестің күшеюімен, ұлттық кәсіпкерлердің жауапкершілікпен өсуімен өлшенуі керек. Қаржыны сырттан емес, іштен іздеу керек. Мысалы, Қазақстанда жаңа банктер, технологиялық компаниялар, өнеркәсіптік холдингтер өсіп келеді. Олар бірлесе отырып, мұндай алып құрылымдарды мемлекет ішінде дамытып, экономиканы тұрақтандыратын тірекке айналдыруы қажет.
Қазіргі таңда Шухрат Ибрагимов секілді жас буын өкілдерінің елге деген ниеті ерекше. Олар барын салып еңбек етіп жүр. Әрі олар отандық бизнесті ұлттық деңгейде көтеруге ықласы зор. Сол себепті оларға қолдау көрсету, керісінше, компанияны сатуға итермелеу емес, дамытатын орта қалыптастыру маңызды.