Ел азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотынан «минус» көре бастады. Кейбір салымшы 50 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі айырманы байқаған. Ұлттық банк мұндай құбылысты доллар бағамының төмендеуімен және инвестициялық табыстың уақытша қайта бағалануымен байланыстырды, деп жазады Ertenmedia.kz Tengrinews.kz материалына сүйеніп.
Доллар мен теңге тартысы
Редакцияға соңғы күндері БЖЗҚ шотындағы қаражат азайып кеткенін айтқан азаматтар жиі хабарласқан. Мәселен, салымшының бірі 9 сәуір күні шотын тексергенде шамамен 90 мың теңге жетпей тұрғанын көрген. Оның айтуынша, 10 сәуірде шығын көлемі 150 мың теңгеге жуықтаған. Арада бес күн өткен соң шоттағы қаржы ішінара қалпына келіп, шамамен 60 мың теңге қайта қосылған.
Тағы бір азамат зейнетақыдағы артық соманы ипотека төлеуге тұрақты пайдаланып келгенін айтқан. Оның сөзінше, 2025 жылы жеткіліктілік шегі көтерілгеннен кейін биыл наурызда сол межеге қайта жетемін деп есептеген. Шынында сол деңгейге жеткенімен, шешіп алуға болатын сома әдеттегіден әлдеқайда аз болып шыққан.
Ал сәуірде шоттағы қаражат қайта кеміп, жеткіліктілік шегінен 50 мың теңгеге төмен түсіп кеткен. Мамырда туған күніне байланысты оның шегі тағы өседі. Соның салдарынан ипотека төлеуге зейнетақы артықшылығын пайдалану мүмкіндігі мүлде қиындап бара жатқанын айтқан.
Мұндай өзгерістің мәнін түсіну үшін зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін еске алған жөн. Қазақстанда ресми жұмыс істейтін әр адам жалақысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударады. Қордағы қаражат бос жатпайды, түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.
Сол қаржы мемлекеттік облигацияға, акцияға, банк құралына және өзге де активке салынады. Инвестиция сәтті болса, салымшы шотына табыс түседі. Ал нарықтағы жағдай кері әсер етсе, инвестициялық шығын көрініс береді.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, 2026 жылдың қаңтарынан наурыз айына дейін теңге долларға шаққанда күшейген. Нақты айтқанда, бағам 505,53 теңгеден 478,77 теңгеге дейін түскен. БЖЗҚ инвестициялық портфелінің 38,9 пайызы шетел валютасындағы активте сақталғандықтан, валюта бағамының осындай өзгерісі сол бөліктің қайта бағалануына әсер еткен. Соның салдарынан шотта теріс көрсеткіш пайда болған.
Ұлттық банк минус пайда болғанын «уақытша құбылыс» деп түсіндірді
Реттеуші мұны нақты жоғалған ақша емес, «іске аспаған уақытша табыс төмендеуі» деп түсіндіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, валютадағы актив сатылып, теңгеге ауыстырылмайынша, шоттағы мұндай теріс мән түпкілікті шығын ретінде қаралмайды. Бұл – қысқа мерзімдегі нарықтық құбылу.
Соған қарамастан, Ұлттық банк жалпы инвестициялық табыс оң аймақта қалып отырғанын айтады. 2026 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысында инвестициялық табыс 271 млрд теңге болған. Ал 2025 жылғы сәуір мен 2026 жылғы наурыз аралығындағы 12 айда есептелген инвестициялық табыс шамамен 2,5 трлн теңгеге жеткен. 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 1,7 трлн теңге болған.
Реттеуші зейнетақы жинағын қысқа мерзіммен емес, ұзақ мерзім көкжиегімен бағалау керек деген ұстанымды алға тартады. Себебі бір ай не бір тоқсан ішіндегі кіріс пен шығыс нақты суретті толық ашпайды. Кей кезеңде құралдар бойынша төлем валюта бағамының өзгерісін немесе бағалы қағаз құнының ауытқуын жауып үлгермейді. Сондықтан салым табысын ұзақ аралықпен салыстырған дұрысырақ.
БЖЗҚ портфеліндегі дефолтқа ұшыраған актив мәселесі де қозғалған. Ұлттық банк кей компания өз міндеттемесін орындай алмағанын растаған. Бірақ мұндай берешек көлемі аз екені, зейнетақы жинағының сақталуына елеулі қауіп төндірмейтіні айтылды.
Проблемалы активтің негізгі бөлігі 2013-2014 жылдары жекеменшік зейнетақы қорын біріктіру кезінде БЖЗҚ құрамына өткен. Қазір сол қаражатты сот арқылы және басқа да тетікпен қайтару жұмысы жүріп жатыр.
Теңге бағамы ақшаны «ойнатты»
2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, ЕНПФ зейнетақы активі 25,8 трлн теңгеге жеткен. Соның 61,1 пайызы теңгедегі құралдарға, 38,9 пайызы шетел валютасындағы активке орналастырылған. Ел ішіндегі салымның басым бөлігі Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағазына және Ұлттық банктің нотасына тиесілі.
Оның үлесі шамамен 44 пайыз. Квазимемлекеттік компания облигациясына салынған қаржы көлемі 9 пайызға жуық. Банк секторына 2,5 пайыз бағытталған. Қазақстандық компания акциясының үлесі 2,4 пайыздан аз.
Шетел валютасындағы актив алдын ала белгіленген стратегиямен басқарылады. Мұнда халықаралық нарық индексіне сүйенетін қалыпты тәжірибе қолданылған. Портфельдің 30 пайызы ірі әлемдік компания акциясына, 25 пайызы дамушы ел облигациясына, 20 пайызы сенімді ірі компания облигациясына, 15 пайызы дамыған мемлекеттердің мемлекеттік облигациясына, 10 пайызы баламалы құралға бөлінген.
Инвестициялық табысқа көптеген фактор ықпал етеді. Оған бағалы қағаз құнының өзгеруі, валюта бағамының қозғалысы, инфляция, дивиденд төлемі және өзге де нарықтық көрсеткіш әсер етеді. Қаржы нарығы табиғатынан құбылмалы болғандықтан, кірістің бірде өсуі, бірде төмендеуі инвестициялық процестің қалыпты бөлігі саналады.
Мемлекет зейнетақы жинағының сақталуына кепілдік береді. Әлеуметтік кодекске сәйкес, азамат зейнетке шыққан кезде оған инфляцияны ескере отырып, енгізілген сомадан төмен емес көлем қамтамасыз етілуі тиіс. Яғни табыстылық инфляциядан төмен болып қалса, айырма өтеледі. Алайда мұндай кепілдік күнделікті не ай сайынғы құбылуға емес, зейнетақы төлемін алу сәтіне қатысты қолданылады.
Наурыз айында да қазақстандықтар осындай жағдайға тап болған. Сол кезде де өзгеріс валюта бағамының ауытқуы және қаржы құралдарының нарықтық бағасының қайта есептелуімен түсіндірілген. Осыдан көрінетіні – БЖЗҚ шотындағы қысқа мерзімді «минус» әрдайым қаражат жоғалды деген сөз емес. Көбіне ол нарықтағы қозғалыстың уақытша ізі ғана.
Айтқандай, Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібі бұрынғыдан да қатаңдана түсуі мүмкін екенін білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







