Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының қара жәшіктеріне қатысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бозымбаевтың айтуынша, қара жәшіктер ашылып, Қазақстанға қайтарылған, қазір Бас прокуратураның қолдауымен тергеу тобында.
«Сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Бұл материалдардың көшірмелері Әзербайжан тарапында да, Ресей тарапында да бар. Жасыратын түгіміз жоқ», деді вице-премьер Үкіметтегі брифингте.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев келесі аптада Ақтауда апатқа ұшыраған ұшаққа қатысты тергеудің алдын ала нәтижелері жарияланатынын да айтты.
Қазір ұшу режимдері мен экипаж мүшелерінің өзара және жермен жүргізген аудиожазбалары зерттеліп жатыр.
«Белгілі бір қорытындылар жасалады. Бұл үшін әділет министрлігіндегі сот сараптамасы жұмыс жүргізіп жатыр. Туыстары мұның шын мәнінде пилоттар мен экипаж мүшелерінің дауыстары екенін тексеруі керек. Бұл – үлкен халықаралық жұмыс. Келесі аптада тергеудің алдын ала бөлігі жарияланады деп үміттенеміз», – деді ол.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.