Жетісу облысында жылыту маусымы ресми басталмай жатып, әлеуметтік нысандарға жылу беріліп жатыр. Қазіргі уақытта 47 нысан – 32 мектеп, 8 балабақша және 7 аурухана жылуға қосылған. Бұл – жергілікті биліктің алдағы қысқа дайындықты ерте бастап, ең алдымен халыққа қажетті мекемелерді қамтуға мән бергенін көрсетеді. Алакөл, Панфилов аудандары мен Текелі қаласында алғашқы болып жылу берілсе, қалған өңірлер ауа райына байланысты 4 қазан мен 15 қазан аралығында біртіндеп қосылмақ.
Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сенсек, өңірде 1697 көпқабатты үй мен 1314 бюджеттік нысан толық дайын тұр.
Әлеуметтік сала нысандарын жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар да қажетті жағармай қорын жинақтап үлгерген. Бұл тұрғындардың алдағы маусымда жылусыз қалмайтынына берілген сенімділік.
Әсіресе, Талдықорған қаласындағы басты жылу көзі саналатын «Басқуат» қазандығы іске қосылуға әзірленіп жатыр. Қаладағы 9 кварталдық қазандықпен бірге, қуаты 49 ГКалл болатын жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Ол келесі жылыту маусымына дейін пайдалануға берілмек.
Жетісудың энергетикалық картасында тағы бір ірі жоба – «Басқуат» қазандығының базасында салынып жатқан бу-газ станциясы. Оның қуаты – 84 мегаватт электр және сағатына 70 ГКалл жылу.
Жобаның бірінші кезеңі аяқталған, екінші кезеңі биыл жыл соңына дейін бітеді. Толық іске қосылғанда орталық қазандықтың салмағы 30%-ға азайып, жылу жүйесінің тұрақтылығы артады.
Қазіргі таңда облыста 23 қазандық, 1 жылу электр орталығы (ЖЭС), 393 шақырым жылу құбыры, 3 935 шақырым су құбыры, 628 шақырым кәріз құбыры, 13,8 мың шақырым электр желісі және 2 644 трансформаторлық станса жұмыс істеп тұр.
Жоспарлы жөндеу жұмыстары да атқарылды: 2 турбина, 35 қазандық, 17,3 шақырым жылу құбыры мен 1,3 мың шақырым электр желісі жаңартылды. Бұл жұмыстар алдағы қысқа төтеп берудің кепілі саналады.
Көмір мәселесіне тоқталсақ, Жетісу облысына жыл сайын 397 мың тонна қатты отын қажет. Қазіргі таңда оның жартысы – 199,9 мың тоннасы жеткізілген.
Қоймаларда тағы 20,6 мың тонна көмір бар. Күн сайын 22 вагон, яғни 1 500 тоннадан астам көмір әкелінуде. Бұл қарқын сақталса, өңірдегі халықтың да, бюджеттік мекемелердің де қыс бойы көмірсіз қалмайтыны анық.
Жетісудағы қазіргі жағдай бір ғана техникалық дайындық емес, ол – тұрғындардың тұрмысындағы сенімділікті күшейту. Қыс – қазақстандық үшін ең сын сағаттардың бірі. Сондықтан да энергетикалық инфрақұрылымға салынған әр теңге халықтың амандығы мен жайлы өміріне салынған инвестиция болып саналады.