Танымал журналист Марк Холлингсворт Британияның құқық қорғау жүйесінен сытылып кеткен Мұхтар Әблязов туралы бірқатар қызықты инсайдпен бөлісті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Айтуынша, қазақ олигархы 2012 жылдың 15 ақпаны таң қылаң бере Лондонның қақ ортасындағы қымбат қонақүйдің бірінші қабатындағы терезеден қарғып өтіп, Британиядан оп-оңай қашып кеткен.
«Әблязов жылтырақ дүниеге құмар емес. Қымбат Armani емес, ортаңқол Marks & Spencer костюмін киіп жүретін шағын денелі олигарх Виктория вокзалына асығыс жетіп, әрі қарай Дувр портына жол тартады. Сол арада Орталық Африка Республикасының «дипломатиялық» паспортын көрсетіп, Францияға өткен», — дейді ағылшын журналисі.
Сол тұста Британ соты Әблязовқа қатысты ел тарихындағы ең ірі алаяқтық істі қарап жатқан.
Олигарх БТА банкінің 3,2 млрд фунт стерлинг қаражатын жымқырды деп айыпталған. Ұрланған қаржы шамамен жүздеген офшорлы компания мен шетелдік есеп-шотқа жасырылған болатын.
«Британияда бой тасалаған Мұхтар әлгі миллиардтарды лоббистер пне пиаршыларға жұмсап, Лондонның элиталы ауданынан аса қымбат жылжымайтын мүліктер сатып алған.
Соның ішінде атақты Хампстед ауданында бағасы 17 млн фунт тұратын 9 бөлмелі вилласы болды, әлгі вилланың ішінде 12 адам еркін сиятын түрік саунасы бар еді.
Кейіннен Кенсиңтоннан элиталы пәтер мен Виндзор саябағының түбінен 40 гектар жерді және сатып алып қойды», — дейді Холлингсворт.
Саясаткердің қуанышы ұзаққа созылмады. 2012 жылы Ұлыбритания соты Әблязовты активтері туралы жалған мәлімет бергені, құжатты қолдан жасағаны және сотты сыйламағаны үшін кінәлі деп танып, 22 айға түрме жазасына кесті.
«Оның ағылшын жерінен қалай қашқанын ілгеріде айттық. Соңғы 13 жылдан бері Әблязов Ұлыбритания сотына ұстатпай жүр. Францияның оңтүстігіндегі Ницца мен Экс-ан-Прованс қаласында аяғын теңізге малып, жағалаудағы сәнді вилла мен жалға алынған сарайларда шалқып өмір сүруде. Әблязов кейсі Британия мен Францияның шетелдік олигархтарға шара қолдануға келгенде әлі де шарасыз екенін көрсетеді», — дейді журналист.
Айтуынша 2020 жылы Парижде Әблязовқа қатысты 7,5 млрд доллар қаржы жымқыру және арам ақшаны заңдастыру ісі ашылған. Кейін апелляциялық сот әлгі айыптың күшін жойып, «іс саяси мотивпен қозғалған» деген үкім шығарған.
Француз сенаторы Натали Гуле осы мәселе бойынша жалғыз өзі дабыл қаққан болатын. Гуле Франция мен Қазақстан арасындағы қылмыстық іс бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялауды талап еткені есімізде .
Холлингсворт пікірінше, Әблязов өзін Қазақстандағы «жүйенің қуғынына ұшыраған диссидент» ретінде дәріптеуге тырысады. Осы мақсатта Еуропарламенттегі ықпалды саясаткерлердің мұртын майлаған. Олардың арасында күні кеше жемқорлық үшін сотталған италиялық депутат Антонио Панцери де бар.
«Брюссельде орналасқан Open Dialogue Foundation үкіметтік емес ұйымы Әблязовтың қолбаласы. Осы ұйым арқылы Мұхтар өзіне лоялды лоббистердің санын көбейтуге тырысып жүр. Әблязовтың айласы атышулы ресейлік олигарх Борис Березовскийдің стратегиясына қатты ұқсас. Бұл екеуі 2009-2012 жылдары Лондонда жасырын кездескен.
Ақорда? Қазақстан билігі Әблязовты ұдайы бақылауда ұстаған. Бишопс-авенюдегі үйінің айналасында Қазақстан жалдаған жекеменшік детективтер күзетте тұрған.
Әблязов болса «тыңшыларға қарсы өз тыңшыларын» жалдаған», — дейді британ журналисі.
Оның атап өткеніндей Лондон Әблязовты құрықтауға аса құлықты емес. Франциядағыдай Британия билігі де бұл істі жылы жауып отыр.
«Әблязовтың аты-жөні Ұлыбританияның әуежайы мен порттарында «қара тізімде» тұр, алайда жақын арада Лондонға жеткізілуі екіталай. Батыстың құқық қорғау жүйесі ол үшін қауіпсіз мекен болып қала бермек», — деп түйіндепті сөзін Холлингсворт.