Қазақтарды алда ауыр сынақ күтіп тұр. Жаңарған салық саясаты, қымбат несие және сарқыла бастаған бюджет халықтың тұрмыс сапасын төмендетіп, онсыз да жұқарған жүйкеге салмақ салмақшы деп жазады Ertenmedia.
Сөй деген экономист Алмас Шөкин елдегі жағдайға баға беріп, Үкіметтің қазіргі аяқалысын «ірі қараның жартысын жемдемей, бірақ барлығын бірдей саууды жалғастырып жатқан шаруаның» әрекетіне ұқсатты.
Ол экономикалық саясаттағы сауатсыз шешімдер түбі үлкен дағдарысқа әкелуі мүмкін деп ескертуде.
«Сырт көзге көрсеткіш керемет өсіп жатқандай көрінеді. Бірақ түпкі нәтижесін бағалау қиын, өйткені нәр татпаған сиырлар тәжібире соңына дейін шыдамай өліп жатыр», – дейді сарапшы әзіл-шыны аралас.
Шөкиннің пікірінше, еліміз қазір күрделі өзгерістің табалдырығында тұр. Тәуелсіздіктен кейінгі ширек ғасыр бойы қалыптасқан даму моделі өміршеңдігін жоғалтып, әбден ескірген. Бұрын кейінге шегеріліп келген реформалар еріксіз алға шыққан. Экономикалық саясаттағы кемшіліктер мен шешілмеген түйткілдердің сазайын енді тартамыз.
«Алдағы желтоқсан, қаңтар мен ақпан айы өте-мөте күрделі болады. Қазақстан бірнеше үлкен қысымның астында қалады», – дейді ол.
2026 жылдың басында экономиканы бірнеше фактор алқымнан алмақшы.
Қосымша құн салығының 4 пайызға артуы бағаны өсіріп, халықтың тұтыну мүмкіндігін төмендетеді. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18 пайызға дейін көтерілуі инвестиция мен ипотеканы қолжетімсіз етсе, банктерге қойылатын талаптың күшеюі нарықты бірнеше триллион теңге көлеміндегі әлеуетті несие ресурсынан айырады.
Экономистің айтуынша, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік шығындарды шектейді. Ал Ұлттық қор трансферттерін ішкі және сыртқы қарыздармен алмастыру «ақша айналымын» қолдан өсіргендей көрінгенмен, сұранысты арттыра алмайды.
«Үкімет 8 триллион теңге қарыз алмақшы. Оның жартысын ішкі нарықтан алады, бірақ бұл жаңа ақша емес. Бұл жеке сектордың қаржысын мемлекеттік секторға аударып, қайта экономикаға салатын «кәрусел» ғана. Қалған жартысын шетелден тартуға тырысады, бірақ оның өзі сұранысқа айтарлықтай серпін бермейді. Түптеп келгенде сұраныс бәрібір төмендейді», – деп түсіндірді Шөкин.
Оның болжамынша, соңғы жылдары экономиканы алға сүйреген сауда мен құрылыс саласындағы өсім тоқтап тынады.
«Жыл басында күрт өсетін инфляция кейін бәсеңдеуі мүмкін. Себебі, қымбаттаған тауарды сатып алуға халықтың қалтасы көтермейді. Инфляция бәсеңдеген соң несие мөлшерлемесі төмендеп, экономика шынайы нарық заңына сәйкес дами бастайды деген көмексі үміт бар», – дейді сарапшы.
Шөкиннің пікірінше, алдағы айларда теңге сәл күшейгенімен, келесі жазда қайтадан бір доллар үшін 540-560 теңге деңгейіне оралады. Алайда ол әлгі болжамға Украинадағы соғыс пен геосаяси ахуал кез-келген сәтте өзгеріс енгізуі мүмкін екенін ескертіп отыр.
«Үкіметтің алдында боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба деген мәселе тұр. Экономиканы түбегейлі трансформациялау жай ғана қажеттілік емес, тәуелсіздік мен тұрақтылықты сақтап қалудың жалғыз жолы», — деп пайымдайды Шөкин.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Бір шәугім шайдың сыры: Путиннің пәтеріндегі протоколсыз кеш

