Қазақстан мен Түркіменстан алдағы уақытта сауда-саттықты екі есеге арттырып, ортақ көлік дәліздерін ірі транзиттік хабқа айналдыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедовтың жуырдағы келіссөзі осы бағытта өрбіді. Қазақстан соңғы жылдары Түркіменстан экономикасына белсенді түрде инвестиция құйып келеді.
Ресми мәлімет бойынша, қазіргі уақытта көрші елге салынған қазақ инвестициясның көлемі 120 млн доллардан асқан. Бұған қоса, Қазақстан нарығында түркімен капиталының қатысуымен 140-қа жуық компания жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде екі елдің өзара сауда айналымы бес жылда төрт есеге өсіп, 500 млн доллардан асып отыр.
Ендігі мақсат миллиард доллар межесіне жету. Бұл үшін қос мемлекет бір-бірінің ірі қалаларында арнайы сауда үйлерін ашып, тікелей әуе қатынасын жолға қоюды жоспарлаған.
Президенттер назарынан көлік-логистика мәселесі де тыс қалған жоқ.

Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолы бүгінде халықаралық «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің басты тармағына айналып келеді. Биылдың өзінде бұл бағыттағы жүк тасымалы 14 пайызға өсіп, 1,5 млн тоннаға жеткен.
«Көрсеткішті әлі де көбейту мақсатында тариф саясатын оңтайландырып, әкімшілік кедергілерді азайту көзделуде. Қазір шекарадағы инфрақұрылым белсенді дамып, өткізу пункттері жаңартылуда. Түркіменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағытындағы жол желілерін жалғау мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Каспийдегі Ақтау, Құрық және Түркіменбашы порттарының әлеуетін толық пайдалану қолға алынуда.
Бұған дейін Қазақстан аумағында астық экспорты мәселесі ушығып, Каспийдегі Ақтау портының өткізу қабілеті айтарлықтай қиындыққа ұшыраған болатын. Салдарынан жүздеген жүк вагоны кептеліп, экспорт тоқтап қалған. Ал жуырда ғана Ақтауда құны 300 млн доллар болатын жаңа теңіз портын салу туралы Қытай инвесторымен келісім жасалды.
Кездесу барысында Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азияға бағытталған теміржол құрылысының келешегі де сөз болды. Бұл күрделі мәселе, дегенмен екі елдің де оны талқылауға әзір екендігі айтылды.
Қазақстан мен Түркіменстан ауыл шаруашылығында да ынтымақтастықты тереңдетпекші. Қазақстан астық, өсімдік майы, макарон, ет және сүт өнімдерінің экспортын арттыруға ниетті. Осы мақсатта түркімен-ауған шекарасында астық терминалын салу жоспарланған, бірақ әзірге қазақстандық астықты сақтау шарттары толық нақтыланбаған.
Энергетика саласы да екі ел арасындағы қарым-қатынастың берік тірегі болып қала береді. Қазақстан Түркіменстанның газын Қытай нарығына транзит арқылы жеткізуді жалғастырады. Тараптар бұдан бөлек, газ өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инфрақұрылымды жаңғырту бойынша стратегиялық келісімге қол қойған.
Сердар Бердімұхамедов те екі елдің экономикалық әріптестігін одан әрі күшейтуге дайын екендігін атап өтті:
«Қазіргі геосаяси жағдайда «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы транзиттік дәліздердің маңызы бұрынғыдан да арта түсті».

Тоқаев өз кезегінде екі халықтың тарихи тамыры терең, мәдениеті мен рухани құндылықтары ортақ екеніне ерекше тоқталып өтті:
«Қазақ пен түркімен туысқан халықтар. Бізді ортақ тарих, бір-бірімізге ұқсас мәдени-рухани құндылықтар байланыстырады. Қазақстан Түркіменстанмен қарым-қатынасты жақсы көршілік пен өзара қолдау негізінде дамыта беруге мүдделі».
Айта кетерлігі, Тоқаев Түркіменстанның қазіргі президенті Сердар Бердімұхамедовтің әкесі Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов жүргізген саясатқа жоғары баға берді. Қазақстан президенті саяси бағытты «болашаққа бағдарланған әрі нәтижелі» деп бағалады. Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов түнеукүні ғана ресми түрде «ұлт көшбасшысы» мәртебесін алған болатын.

