Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бүгін өзінің Facebook парақшасында Экономика комитетінің отырысында мемлекеттік сатып алудағы тәртіпті босатып жіберетін бастама үнсіз өтіп кетуге шақ қалғанын жазды. Оған әріптесі, депутат Анас Баққожаев назар аударып, мәселені көтергеннен кейін бәрі ретімен шешіліпті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұрат Әбенов еске салғандай, бір жыл бұрын Мемлекеттік сатып алу туралы Заңға Анас Ахатұлы ұсынған маңызды өзгеріс қабылданған. Ол өзгеріске сәйкес, «қара тізімге» енген компания басшыларының жақын туыстары да тендерге қатыса алмайды деген талап енгізілген еді.
Себебі бұрыннан белгілі схема бар. Бір мердігер ұйым мемлекеттік тапсырысты алып, жұмысты толық орындамайды, орындаған күнде де жұмысты сапасыз атқарады. Содан кейін компаниясы қара тізімге енеді. Бірақ соның иесі әп-сәтте әкесі, ағасы, әйелі немесе баласының атына жаңа фирма ашып, мемлекеттік тендерге қайта кіретін-ді.
Жаңа нормада тек директорды ғана емес, құрылтайшыны, ірі акционерді және олардың жақын туыстарын да жауапкершілік шеңберіне енгізген болатын. Яғни, қара тізімге түскен фирманың артында тұрған адамдар басқа компанияны туысының атына тіркеп, бюджет конкурстарына қатысуға қайта орала алмайды. Бұл мемлекеттік сатып алудағы жалған бәсекені қысқартуға, бір адамның бірнеше фирма арқылы өз-өзіне «жарыс ұйымдастыруын» тоқтатуға жасалған нақты қадам.
Әбеновтің жазуы бойынша, дәл осы қатаң талапты қазір Заңнан алып тастауға талпыныс болған. Депутат әлгі ұсынысты ың-шыңысыз өткізіп жіберуге ұмтылған адамның атын этика үшін атамаған, бірақ бастаманың мәні түсінікті. Егер бұл өзгеріс өтіп кетсе, «қара тізімдегі» компания иелері тағы да туыстары арқылы тендерге емін-еркін қатысуына жол ашылар еді.
Экономика комитетінде осы түзету қаралып жатқанда, Анас Ахатұлы өз кезінде қандай норманы ұсынғанын, оның не үшін қажет болғанын тағы бір рет түсіндірген. Сол кезде ғана көпшілік бастаманың салдарын байқап, коррупцияға жол ашатын өзгерісті кері қайтаруды қолдаған.
Мұрат Әбенов әріптесінің ұстанымын ерекше атап, оған алғысын жеткізді. Ол әрі қарай Баққожаевтың осы тақырыпқа арналған өз жазбасынан негізгі ойды келтіреді.
Анас Ахатұлының айтуынша, бұрынғы заңда «қара тізімге» тек фирма басшысы іліккен. Алайда жұмысты бүлдіретін көбіне директор емес, компанияның иесі. Директор келіп-кететін жалдамалы қызметкер, ал бюджет қаржысын иеленетін, шешім қабылдайтын адам құрылтайшы. Сол себепті қара тізімге түскен сәтте ол өзіне жаңа фирма ашып, мемлекеттік тапсырысқа қайта ұсыныс беріп жүре берген.
Жаңа норма осы жерді түбірімен өзгертті. Енді қара тізімге тек директор ғана емес, оның артында тұрған құрылтайшы, негізгі акционер және олардың жақын туыстары да ілігеді. Солардың атына тіркелген басқа компанияларға да тендерге қатысуға тыйым салынады. Әбеновтің жазуынша, бұл мемлекеттік сатып алудағы жемқорлықпен күрестің нақты және жұмыс істеп тұрған тетігі. Соңғы бір жылда оның оң әсері көріне бастаған.
Әрине, мұндай шектеулерге бәрі бірдей қуанып отырған жоқ. Баққожаевтың сөзінше, заң қабылданған кезде бірқатар ірі мердігер компаниялардың басшылары оған шығып, осы норманы алып тастауын сұраған. Екі апта бойы түрлі уәж айтып, «туыстарға тыйым салу кәсіпкерлік еркіндікке қарсы» деп түсіндіруге тырысқан. Алайда депутат өзінің принципін өзгерткен жоқ, жемқорлыққа қарсы ұстанымынан шегінбеген.
Қазір сол норманы қайтадан жұмсартуға әрекет жүріп жатқанына назар аударды. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын ашып айтпаса да, кімдерге тиімді екені шамамен түсінікті. «Конституцияға қарсы», «бизнестің еркіндігін шектейді» деген ескі аргумент қайта көтерілген.
Бірақ Анас Ахатұлының айқын позициясы бар. Ол мемлекеттік сатып алуға қатысу кез келген компанияның автоматты құқығы деген түсінікке қосылмайтынын айтты. Нарықта еркін жұмыс істеуге ешкім тыйым салмайды, алайда тендер басқа деңгей. Онда әр теңге салық төлеушілерден жиналғанын ұмытпау керек.

